Бас жаңалықтар
Жастар кадрлық резервінің жеңімпазы: Іріктеудің әділ өтетініне сенімді болдым
28 Қаңтар 2020, 18:43 200

Жастар кадрлық резервінің жеңімпазы: Іріктеудің әділ өтетініне сенімді болдым

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кадрлық резерв жастар үшін тиімді әлеуметтік "лифтіге" айналуы тиіс екенін айтып, білімі мен біліктілігі қатар үйлескен тәжірибелі жастарға зор сенім білдірді. Сондай 13 мың үміткердің арасынан сүрінбей өткен 300 жеңімпаздың бірі – Шымкент қаласы әкімдігінің Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациалық даму басқармасы басшысының орынбасары Олжас Шинтаев. 

Жас мемлекеттік қызметкер Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеуден қалай өткені туралы және бұл байқаудың жастарға берері жөнінде айтып берді. 

Олжас 1990 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Мирас университетін тәмамдап, кейін Қытайда білім алған. Бүгінде Шымкент қаласы әкімдігінде мемлекеттік әкімшілік лауазымда қызмет етеді.

Бұл резервтің құрылатынын бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған президенттің сайлауалды бағдаралмасынан көрген болатынмын. Кейіннен күз айында осы резервке құжат қабылдау басталғанын және бірнеше кезеңдерден тұратын күрделі сынақ болатынын көріп, қатысуға шешім қабылдадым, - дейді Олжас Шинтаев. 

Ол еліміздің үздік басқарушыларын анықтаған "Президенттік жастар кадрлық резерві" жобасының ұйымдастырылуы көңілінен шыққанын және бәрі өз деңгейінде жүргізілгенін айрықша атап өтті. 

Әрине, бірінші кезеңнің сұрақтарын оқып жатып, сынақтың оңай болмайтынына көзім жетті. Сұрақтар күрделі әрі қызықты болды. Бірнеше кезең онлайн форматында өткен соң, оның әділ өтетініне сенімді болдым. Бұл байқау қазақстандықтарға, елінің өсіп өркендеуіне "үлес қосамын" деп армандайтын жастарға зор мүмкіндік, - деп айтты жеңімпаз. 

Оның айтуынша, конкурс кезінде ешкім-ешкімге әсер етпеген. Яғни, 6 кезеңге созылған іріктеуде қатысушыларға арнайы код берілген. Сондықтан сарапшылар үміткерлер жайлы ақпараттан бейхабар болған. Сарапшылардың өздері де кімге баға қойып отырғанын білген жоқ. Бұл – жобаның әділ әрі шынайы өткенінің бір дәлелі. 

Қазіргі таңда Шымкент қаласы әкімдігінің Кәсіпкерлік және индустриалды инновациалық даму басқармасы басшысының орынбасары ретінде қызметке тағайындалдым. Алдағы уақытта өңірдің жаппай кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту жолында нақты жобаларды іске асырамын деп ойлаймын, - деп Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі өз жоспарымен бөлісті.


Фото: дереккөз
Загрузка...