Бас жаңалықтар
Профессор: Вакцина ешқандай чиптеуді немесе зомбиландыруды көздемейді
28 Қаңтар 2021, 17:50 1699

Профессор: Вакцина ешқандай чиптеуді немесе зомбиландыруды көздемейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны жасаушы ғалымдардың бірі, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының профессоры Берік Хайруллин вакцинацияның маңызы жайындағы пікірімен бөлісті. 

Өткен жылдың жазында ол отандық вакцинаның клиникалық сынамасының алғашқы кезеңіне оны жасаушы ғалым ретінде өзі де қатысқан болатын. Оның сөзінше, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары бойынша ғылыми-зерттеу институтының вирустық инфекциялармен жұмыс істеуде көпжылдық тәжірибесі бар. QazCovid-In – институт ғалымдары жасап шығарған барлық сынама мен зерттеулерден өткен алтыншы иммунобиологиялық препарат.

Вакцинация не үшін қажет? Адамда коронавирусқа қарсы иммунитет ауырып шықса ғана пайда болады. Алайда оны өмірлік иммунитет деуге болмайды. Иммунитетті сырқаттану арқылы қалыптастыру дұрыс емес. Өйткені коронавирустың салдары ауыр болуы мүмкін, оны барлық адам жеңіл көтермейді, аутоиммундық аурулары бар адамдар үшін оны соңы өліммен де аяқталып жатады, - дейді ол.

Ал медицина тарихында вакцина жасап шығарудың ең басты мақсаты - адамда вирусқа қарсы иммунитетті оның ауруына жол бермей қалыптастыру. Адам вакцина алғанда вирусқа шалдықпайтынына кепілдік алады. Ең бастысы ол дәл сол вирустен көз жұмбайды. 

Қоғамда бұл вирустың бар екеніне сенбейтін де адамдар бар. Көп жағдайда халық медицинаны да кінәлап жатады. Дегенмен небір атақты, бай адамдардың да жан жақты көмек көрсетілсе де, көз жұмғанына куә болдық. Өйткені әр адамның иммундық жүйесі әртүрлі, көптеген адам өздерінің аутоиммундық ауруларға шалдыққаны туралы білмеулері де мүмкін. Сондықтан маған вакцина қажет емес, мен ауруды жеңіл көтеремін деп сеніммен айту қиын. Ал вакцина алған адам вируспен бетпе бет келсем, қандай күй кешемін деп бас қатырмайды. Өйткені өзінде тұрақты иммунитет бар екенін біледі, - дейді профессор. 

Оның айтуынша, вакцинаға қарсы адамдар өзгелерді де оған қарсы үгіттемеулері тиіс.

Вакцина салдыруға қарсы адамдар өзгелерге өз пікірін тықпаламау керек. Өйткені оның үгітіне еріп, вакцина алмаған адам ертең вирус жұқтырып, оның ауыр салдарына ұшыраса, оған кеңес берген адам соған тікелей қатысы бар екенін ескерсін. Оны ешкім жауапкершілікке тартпаса да, ар алдында біреудің өмірі үшін жауапкершілік алатынын ұмытпасын, - деді ол.

Сонымен қатар, Берік Хайруллин алғашқылардың бірі болып отандық вакцинаны қабылдаушы ретіндегі әсерімен бөлісіп, оның қауіпсіздігіне қатысты сауалдарымызға жауап берді. 

Өз тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын. Вакцина ешқандай чиптеуді немесе зомбиландыруды көздемейді. Халыққа түсінікті болу үшін айтар болсақ, ол дүкен сөресіндегі құрамы белгісіз шұжықтан да қауіпсіз. Біздің ғалымдар бірінші жыл вакцина жасаумен айналысып жүрген жоқ. Дәл осы екпе антибиотиктен де жеңіл әсер етеді. Вакцинаны сынақ кезеңінде өзіміз ғана емес, жақындарымыз да ерікті ретінде қатысып ектірді. Бәрі тірі, бәрі аман, бәрінде иммунитет бар. Олардың арасында жасы 70-тен асқан адамдар да бар, - дейді ол.

Оның айтуынша, инактивті вакцина типінің сексен жылдық тарихы бар. Отандық екпе осы нұсқа бойынша жасалды.

Өзім вакцина алғаннан кейін кез келген ортада өзімді қауіпсіз сезініп, еркін тыныстауға мүмкіндік алдым. Әріптестерім де өздерін жақсы сезінеді. Екпе орны қызарып, температура көтерілу мүмкін. Бұдан өзге клиникалық сынақ кезеңінде отандық вакцинаның ағзаға айтарлық кері әсері байқалмады. Алайда оның өзін кері әсер деп емес, ағзаның антиденеге реакциясы деп қарастырған жөн, - дейді профессор.


Фото: дереккөз
Загрузка...