Вакцина салдырмауға кімдер құқылы?

15 Шілде 2021, 12:13
6230
Бөлісу:
Вакцина салдырмауға кімдер құқылы?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Вакцинациялаудан медициналық босату туралы анықтаманы тек мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары немесе сауда ойын-сауық орталықтарындағы вакцинация пункттері ғана бере алады. Дәрігер Әйгерім Бекежанова осылай деп отыр.

Оның айтуынша, коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация жасауға қарсы көрсетілім препараттың компоненттеріне аса сезімталдық, Квинке ісігі немесе анафилактикалық шок сынды ауыр аллергиялық реакциялар болып табылады.

Дәрігер сонымен қатар егер жеке аллергологта есепте болсаңыз, ол сізге тек нұсқаулықтар ғана бере алатынын ескертті. Себебі егуден босату туралы анықтаманы есепте тұрған мемлекеттік емханаңыздағы учаскелік терапевт қана бере алатын көрінеді.

Егер сіз ешқай емханада тіркелмеген болсаңыз, тіркеліп, өзіңіздің учаскелік дәрігеріңізбен танысып, оған мысалы, жеке аллергологта есептемін деген консультациялық парағыңызды көрсетуге тиіссіз. Болмаса, қаладағы СОСО-дағы вакцинациялық пункттерге сол консультациялық парағыңызды апарып көрсете аласыз. Сол жерде отырған вакцинациялайтын бригадалар сізге егуден уақытша медициналық босату туралы анықтама береді. Бірақ бұл жағдайға қарай 30 күннен 60 күнге дейінгі мерзімге ғана жарамды уақытша анықтама болып табылады. Сіз белгілі емханаға есепке тұрып, учаскелік дәрігерге көрінген соң оның күші жойылады, - деді Әйгерім Бекежанова.

Сондай-ақ жіті инфекциялық аурулар мен созылмалы аурулардың қозуы да қарсы көрсетілімге негіз. Бұл жағдайда егуден 2 және 4 аптаға дейін уақытша босатылады. 18 жасқа толмағандар, жүкті және бала емізетін әйелдер, иммуносупрессивті терапия қабылдап жүрген онкологиялық науқастарға да вакцина алмауға рұқсат.

Өзгелердің жаңалығы