Бас жаңалықтар
Қуаныш Сұлтанов «Жусан» операциясы негізінде көркем фильм түсіруді ұсынды
16 Қаңтар 2019, 12:14 616

Қуаныш Сұлтанов «Жусан» операциясы негізінде көркем фильм түсіруді ұсынды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа сауал жолдап, «Жусан» операциясы негізінде шытырман оқиғалы, деректі, патриоттық тәрбиедегі көркем фильм түсіруді ұсынды.

«Жаңа жылдың алғашқы аптасы ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Сириядан біздің елден алдау жолдарымен шығарылған және террористерде тұтқында болған 11 әйел, 30 бала барлығы 47 адамның өз Отанына қайтарылуы бойынша «Жусан» гуманитарлық операциясының сәтті атқарылғаны туралы ерекше әрі жүрекке жылы тиетін Мәлімдемесімен есте қалды. Президент мұндай қайырымдылық әрі гуманизм актісіне бастамашы болу арқылы Қазақстан азаматтарының қай жерде болса да олардың тағдырына деген қамқорлығы мен алаңдатушылығын көрсетті. Операция қалай дайындалғандығы және қандай қиындықтар мен қауіп-қатерлерді өткергендігі туралы мағлұмат тек Президент пен нақты орындаушыларға ғана мәлім, мұның өзі құрметке лайық. Елбасының халықаралық беделі мен оның жан-жақты, белсенді бітімгершілік қызметінің мойындалуының арқасында осындай бірегей операцияны жүзеге асыру мүмкіндігі туды. Мұндай арнайы операцияларды тек кәсіпқой дайындықтан өткен мамандары бар, техникалық және әскери мүмкіндігі сай келетін, мықты әрі ықпалды мемлекеттер ғана жүзеге асыра алады. Бұл – барлық жағынан мемлекет пен қоғамның ерекше назарына лайықты айрықша оқиға», - деді Сұлтанов.
Мәжілісменнің айтуынша, ең бастысы – адамдар, біздің отандастарымыз құтқарылды. Екіншіден – әлемдік қоғамдастыққа тағы да бір рет Қазақстанның халықаралық бітімгершілік қайраткерлік қызметі көрсетілді. Үшіншіден – біздің қорғаныс арсеналының жауынгерлік әзірлігі мен арнайы қызметтің кәсіби дайындығына көз жеткіздік. Мұның өзі патриоттық және рухани тәрбиеге оң ықпал етеді.
«Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әйгілі мақалалары азаматтарымыздың, әсіресе жастардың патриоттық көзқарасын қалыптастыруда батыл қадамдар жасауға мемлекеттік институттардың қуатты интеллектуалдық базасына айналды. Патриотизм – тек қана рух емес, ол өмір салты. Сондықтан да экономиканы, халыққа қызмет көрсету салаларын цифрландыру, қазақстандықтардың өмір сапасын жаңа деңгейге көтеру секілді маңызды мақсаттар  қатар көтерілуде. Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күнінде Президент «Кинематография туралы» Заңға қол қойды. Мемлекеттік бюджет киноиндустрияға алғашқы жылдардан әлдеқайда асып түсетін қомақты қаржыландыру белгіленді. Үкімет депутаттардың сауалымен «Қазақфильм» киностудиясының жекешелендіруін тоқтатып қойды. Қорыта айтқанда, киноиндустрияның дамуына, отандық киноның сапасы мен бәсекеге қабілеттілігінің артуына барлық мүмкіндіктер жасалған», - деді Қуаныш Сұлтанов.
Депутаттың айтуынша, біз әлемдегі дамыған шетел мемлекет басшылары мен арнайы қызметтерінің қауіпті әрі қысылтаяң кезеңдердегі игі әрекеттері көрсетілетін голливудтық кино туындыларын таңдай қағып тамашалауға үйреніп қалғанбыз. 
«Біздің телеарналар «Көшпенділер», «Жау жүрек мың бала», «Елбасы жолы», «Қазақ хандығы. Алмас қылыш», «Анаға апарар жол» секілді азғантай туындыларды қоспағанда, мардымсыз бағдарламалар мен қарабайыр, біздің  ұлттық тәрбиемізге жат, қажетсіз сериалдарға тұнып қалған. Ал біздің жастардың санасы кинозалдардың, электрондық құрылғылардың экрандарынан патриотизмнен басқа қажетсіз нәрсенің барлығымен аяусыз уланып жатыр. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың арнайы тапсырмасымен жоғары деңгейде жүзеге асырылған қазақстандық азаматтарды құтқару операциясы секілді ерекше оқиғалар өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беретін жоғарғы көркемдік кино түсіруге тамаша сюжет болар еді. Осыған байланысты келесіні ұсынамын: біріншіден, Мемлекеттік тапсырыс бойынша «Жусан» операциясы негізінде шытырман оқиғалы, деректі, патриоттық тәрбиедегі көркем фильм түсіруге тапсырма беруіңізді. Екіншіден, Президенттің үстіміздегі жылды Жастар жылы деп жариялауына байланысты жастардың рухани және патриоттық тәрбиесі жалпы мемлекеттік мүдде болғандықтан жастардың патриоттық және рухани тәрбиесінің кешенді жоспары мен шараларын қарастыру жөн болар еді», - деп түйіндеді Сұлтанов.

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ

Сізден жаңалық