Түркияның Аланья қаласында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аталып өтті

18 Қыркүйек 2021, 18:45
17150
Бөлісу:
Түркияның Аланья қаласында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аталып өтті
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркияның Аланья қаласында Қарағанды облысының Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің «Ұлы Дала әуендері» атты мерекелік концерті өтті.

Концерттік бағдарлама Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тойлау аясында Қазақстанның Түркиядағы елшілігі, Қазақстанның Антальядағы консулдығы мен Аланья қаласы муниципалитеті, Қазақстанның Аланья қаласы Құрметті Консулдығы мен Аланья қаласы Қазақстан мәдениет және білім қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырылды. 

Түркияның Аланья қаласында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аталып өтті

16-25 қыркүйек аралығында Қарағанды облысының Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптары оркестрі Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен Түркияның бір қатар қаласына гастрольдік сапарға барады.

Оркестр гастрольдік сапарының алғашқы концертін туристтердің сүйікті жеріне арналған Аланьяда берді. Ұлы дала әуенін тыңдауға тек жергілікті тұрғындар емес, әлемнің түкпір түкпірінен келген қонақтар да тамашалауға мүмкіндік алды.
Біздің бүгін бірлесе ұйымдастырған көркем іс-шара Қазақстан мен біздің елдің мәдени, әлеуметтік және сауда саласындағы байланыстарымызды одан әрі нығайтатындығына сенемін, - деді Аланья қаласының мэрі Адем Мурат Юджел.
Түркияның Аланья қаласында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аталып өтті

Сондай-ақ, Адем Мурат Юджел Аланьяда 2500 жуық Қазақстан азаматтары тұрып жатқандығына тоқталды.

Мэр «Алания - бейбітшілік пен тыныштықтың астанасы. Біз әртүрлі діндер мен тілдерден, 100 -ден астам ұлттардың 35 мыңға жуық шетелдіктерімен келісім, бірлік пен ынтымақтастықта өмір сүреміз» деп атап өтті.
Бұл мемлекет тарихы тұрғысынан қысқа уақыт кезеңі болғанымен, Қазақстан осы қысқа мерзімде айтарлықтай табысқа жетті. Қазақстан бәрінен бұрын халықаралық қоғамдастықтың құрметті мүшесі мен тәуелсіз мемлекетке айналды. Біз ата -бабаларымыз жылдар бойы аңсаған бостандыққа қол жеткіздік, -  деді елші А.Сапарбекұлы.
Түркияның Аланья қаласында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аталып өтті

Елші А. Сапарбекұлы Түркия туризм аймағының маңызды қалаларының бірінде егемендігіміз бен мәдениетімізді насихаттауға арналған шараның ұйымдастырылуына қолғабыс көрсеткен баршаға ризашылығын білдіріп, екі ел ынтымақтастығына назар аударды.
Тәуелсіз Қазақстан Республикасының 30 жылдық тарихында бауырлас ел арасындағы достық пен бірлікке негізделген байланыстар тұрақтылық сипатындағы стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді. Қазақ халқы тәуелсіздігін жариялаған сәтте егемендігімізді алғаш мойындаған Түркия елі болғандығын ешқашан ұмытылмайды.Бүгінде осы тәуелсіздігіміздің мерейлі жылын Түркияда кең ауқымды шаралармен тойлануына шын жүректен қуаныштымыз, - деді ол.

Екі ел әнұрандарымен басталған концертте қазақтың ұлттық ән-күйлері көрермендерге тарту етілді. Атап өтер болсақ, Тәттімбеттің «Саржайлау», Ықыластың «Жез киік», Динаның «Наусқы», Дәулеткерейдің «Көр оғлы» т.б. күйлері орындалды. Оркестрдің сүйемелдеуімен түрік халқының әндері де шырқалды. Оркестрдің дирижері - “100 жаңа есім” жобасының жеңімпазы Ерлан Бақтыгерей.

Түркияның Аланья қаласында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аталып өтті

Сонымен қатар, Халықаралық конкурстардың лауреаттвры Сырым Хордин мен Майа Исмаилова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Талғат Ыдырысов, ҚР мәдениет қайраткері Меруеш Башайқызы, халықаралық конкурстар лауреаты Ерлан Жандарбай мен Гүлжан Қорғанбекова өнер көрсетті.

Концерт соңында түркиялықтар түбі бір түркі қандастарының өнерін үлкен құрметпен қабыл алып, алғыс айтты. Бұл гастрольдік сапар әрі қарай Анталья, Конья, Хатай, Газиантеп, Ыстамбұл қалаларында жалғасатын болады.


Өзгелердің жаңалығы