Түркістанда ҚХА-ның XXVII сессиясы талқыланды

8 Мамыр 2019, 18:25
3090
Бөлісу:
Түркістанда ҚХА-ның XXVII сессиясы талқыланды
Фото: автордан

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында 29 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласында өткен ҚХА-ның «Бейбітшілік пен келісім формуласы: бірлік және жаңғырту» тақырыбымен өткен XXVII сессиясына Түркістан облысынан барған делегаттармен кездесу болып өтті.

Аталған жиынға ассамблея құрылымдары, оның ішінде Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі, облыстық ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесі мүшелері, облыстық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, сессия делегаттары қатысты.

Кеңейтілген жиынды модератор Түркістан облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Хасан Бациев ашты. Ол ең алдымен қатысушыларды алда келе жатқан ерекше мереке Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, аға буынның Отанды ерлікпен қорғап қалуының арқасында осы бейбіт күнге жеткенін айтып өтті.

Түркістанда ҚХА-ның XXVII сессиясы талқыланды

«Өкінішке қарай, күн өткен сайын ардагерлеріміз азайып барады. Кейінгі ұрпақтың оларға әрдайым қамқорлық жасауы ұлы борышы. Қазақстан халқы Ассамблеясының Ұлы даланың дәстүрлеріне негізделген қайырымдылық шараларының күнтізбесіне сәйкес, мамыр айында облыс көлемінде «Қамқор» акциясын өткізу жоспарланып отыр», - деді Хасан Бациев.

Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессияға 1500-ден астам адам, соның ішінде Түркістан облысынан 31 делегат қатысты. Сессия жұмысында Ассамблеяның алдағы жылдарға арналған жаңа міндеттері талқыланып, 2020 жылы ҚХА-ның 25 жылдығын мерекелеу бойынша тапсырмалар берілді.

«Бүгінгі таңда біздің еліміз өз дамуының маңызды кезеңінде. Наурыз айында жоғары биліктің бейбіт жолмен берілуі, сондай-ақ алдағы кезектен тыс Президент сайлауы – жаңа заманның бетбұрысы, тарихтың жаңа парағын ашты. Бұдан бөлек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Сессия жұмысында жастар тақырыбы ерекше қозғалып, олардың жұмысына, жоспары мен міндеттеріне үлкен мән берілді», - деді Хасан Бациев.

Түркістанда ҚХА-ның XXVII сессиясы талқыланды

Бүгінгі өткен басқосудың мақсаты – сессия туралы пікір білдіріп, алған әсерімен бөлісу. Осыған орай, облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Дүйсенкүл Жамболова алда келе жатқан мерекемен құттықтап, сессия туралы өз ойын жеткізді.

«Құрметті бүгінгі жиынға қатысушылар! Бізді осындай өмірге жеткізген ҰОС ардагерлерінің мереке қарсаңында жиналып отырмыз. Ардагерлер мен офицер, сарбаздардың дені сау болып, елімізге табысты қызмет ете берсін. Елімізде өмір сүріп жатқан барлық ер азаматтарды құттықтаймын», - деді Дүйсенкүл Жамболова.

Сондай-ақ, ол аталған сессиядан алған әсерімен бөлісті.

«Өздеріңізге мәлім, 29 сәуірде біздің Түркістан облысынан 30 шақты адам Нұр-Сұлтан қаласына барып, сессиядан үлкен қуанышпен оралдық. Себебі сол атмосфераның ішінде отырып, ел ағаларының мінбердегі сөздерін тыңдадық, өте керемет әсер қалдырды. Сессия басталған сәттен бастап Тұңғыш Елбасымыз Ассамблеяның қоғамда бейбітшілік пен татулықта өмір сүруге ұйытқы болып отырғанын, халықтың еңбегін бағалағанын қалайтынын айтты. Мінберге шығып сөйлегендер де ол кісіге алғысын білдіріп жатты. Сессияда болашағымызға сенімді Үкіметіміздің, Елбасымыздың бар екеніне тағы да көзіміз жетті. Біз де Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген шаралар өткізіп жатырмыз», - деп сөзін түйіндеді Дүйсенкүл Жамболова.

Бұдан бөлек, жиында Түркістан облыстық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Сарманбай Сапаров пен өзбек этномәдени бірлестігі жастар қанатының төрағасы, облыстық «Жанубий Қозоқистон» газетінің бас редакторы Алишер Садыбалды да сөз сөйлеп, сессияда алған әсерлерімен бөлісті.

Түркістанда ҚХА-ның XXVII сессиясы талқыланды

Алқалы жиынды қорытындылаған модератор Х. Бациев жиналғандарды жаңғырту процестерінің жүзеге асырылуына ықпал етуге, белсенді атсалысуға, реформаларға қоғамдық қолдау көрсетуге, қоғамда әлеуметтік жауапкершілікті тәрбиелеуге жәрдемдесуге шақырды.

«Бұл еліміздің одан әрі дамуына, Қазақстанның әлемдегі озық, дамыған елдердің қатарына кіру жолындағы барлық белгіленген жоспарларды іске асыруға қосылған елеулі үлес болмақ. Ел азаматтарының әл-ауқаты артып, ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасы дамып, өркендей берсін. Мереке құтты болсын!», - деді модератор.

Өзгелердің жаңалығы