Бас жаңалықтар
Түркістан облысындағы «Қазығұрт бақтарына» 270 мың алма көшеті отырғызылды
26 Мамыр 2019, 09:43 777

Түркістан облысындағы «Қазығұрт бақтарына» 270 мың алма көшеті отырғызылды

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Төлеби ауданы Кемеқалған окруіне қарасты Абай ауылында Италиядан әкелінген алманың 4 сорты өсірілуде. «Қазығұрт бақтарындағы» бұл алмалар 2022-2023 жылдарға қарай 70-80 гектарға дейін өнім береді деп күтіліп отыр.

Аталған ауданда Кеңес одағының кезінен «138 гектар» деп аталатын жер бар екен. Бүгінде сол учаскенің 110 гектарына Италиядан әкелінген түп ағаштар отырғызылды. Атап айтқанда, Гренин Смит сорты – 50 мың, Айдаред – 50 мың, Голден делишес – 115 мың және Гала сорты – 50004 түп. Бұл алмаларға дүниежүзінен сұраныс көп, ауа райы жағынан да жергілікті жерге тиімділеу жемістің түрі.


«Қазығұрт бақтары» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің бағбаны Ералы Жұмановтың айтуынша, көшет отырғызу жұмыстары 22 наурызда басталып 14 сәуірде аяқталған. Жобаның жалпы құны – 1 млрд 650 млн теңгені құрайды, оның ішінде «Қазығұрт бақтарына» 491 848 мың теңге бөлінген.


«Бүгінгі таңда егіс алқабына 270 мың түп алма ағашы отырғызылған. Көшетті былтыр күзде Италиядан әкелдік. Бір көшеттің құны 4-7 доллар. Мұнда 150 адам жұмыс істеді. Көшеттер осы жергілікті аймаққа ыңғайлы. Тамыз айында Гала сорты жемісін береді, қалғаны қазан айына дейін піседі. Бұл алмаларды жинауға да тиімді, себебі бәрі бірден піспейді. Бақтағы алмалар тамшылатып суғару жүйесімен жабдықталған. Бір алманы 3-4 сағат суғарамыз. Бұдан су үнемделеді. Суды таудан аққан бұлақ Қошқар ата өзенінен алып отырмыз, дамбаға жиналып жатыр. Бұл алмалар 3-4 метрге дейін өседі. 2021 жылы 3-5 гектардан, 2022-2023 жылдары 15-20 гектар, одан кейін 70-80 гектарға дейін өнім алуға болады деп жоспарлап отырмыз», - деді бағбан Ералы Жұманов.


Бұдан бөлек, «Қазығұрт бақтары» АШӨК жанынан әкімшілік ғимараты, қойма және алма өнімін қайта өңдеу кәсіпорнының құрылысы жүріп жатыр. Мекеме басшысы – Қосымбай Ахмедияр.


Фото: автордан
Загрузка...