Тұрғын үй проблемасы Үкіметтің тұрақты бақылауында болуы керек – Тоқаев

15 Шілде 2019, 11:38
2371
Бөлісу:
Тұрғын үй проблемасы Үкіметтің тұрақты бақылауында болуы керек – Тоқаев
Фото: Артём Чурсинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.

Жиында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр атқарылған жұмыс жайлы есеп берді.

Баяндама аяқталған соң Мемлекет басшысы министрге бірнеше сұрақ қойды.

"Менің атыма коммуналдық қызметтердің бағасы мен сапасына қатысты, Тұрғын үй қорын басқару туралы көптеген өтініш, шағым келіп түседі. "Е-Шаңырақ" пилоттық жобасы қалай жүзеге асып жатыр?", - деп сұрады Қасым-Жомарт Тоқаев.

Роман Скляр тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселесі бойынша ескерту мен шағым көп түсетінін мойындады. Министр оның бәріне талдау жасалғанын, "Тұрғын үй қатынастары туралы" заң жобасына өзгерістер енгізілетінін жеткізді. Склярдің айтуынша, қазір аталған заң жобасы Сенат қарауында жатыр. Көптеген мәселе дәл осы заң жобасымен шешілмек. Бұған қоса, министр "Е-Шаңырақ" электрондық бағдарламасы жақсы нәтиже көрсетуде дейді. Әр тұтынушы, әр тұрғын үй иесі онлайн режимде өз үйін басқара алады. Жоба келесі жылы іске қосылмақ.

Склярдің жауабын тыңдаған президент тиісті тапсырма берді.

"Жалпы, сіздер тұрғын үй проблемасын тұрақты бақылауда, әрдайым назарда ұстауларыңыз керек. Сіздер баспана мәселесі мемлекетіміздің ең өзекті әлеуметтік проблемасы екенін түсінулеріңіз қажет. Соңғы кезде бұл мәселенің қаншалықты ушыққанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Оны шешудің нақты ұсыныстарын жасаңыздар. Тұрғын үй проблемасы министрдің, жалпы Үкіметтің тұрақты бақылауында болуы керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы