Тоқаев: Біз ғаламдық деңгейдегі әлеуетті арттыруға назар аударуымыз керек

22 Қыркүйек 2021, 22:26
21909
Бөлісу:
Тоқаев: Біз ғаламдық деңгейдегі әлеуетті арттыруға назар аударуымыз керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы COVID-19 пандемиясына қарсы күреске арналған Жаһандық саммитте сөз сөйледі. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі 76-шы сессиясы аясында «Пандемияны тоқтатып, қайта жаңғыруды жақсарту» деп аталған COVID-19 пандемиясына қарсы күреске арналған Жаһандық саммитте сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы өз сөзінде әлем соңғы онжылдықтарда денсаулық сақтау саласының бұрын-соңды болмаған ғаламдық дағдарысына ұшырағанын атап өтті. Соның салдарынан туындаған экономикалық қиындықтар теңсіздіктерді арттырды және ғаламдық қоғамдастықтың шарасыздығын көрсетті.

Қалыптасқан жағдай жан-жақты әрі нақты шаралар қабылдауды талап етеді. Біздің басты міндетіміз – шұғыл түрде вакцинаға жаһандық қолжетімділікті арттыру болуы керек деп ойлаймын. Бұл ғаламдық этика мен бірліктің мәселесі. Өйткені вакциналарға қол жеткізудегі әділетсіздік халықтың денсаулығына нұқсан келтіріп қана қоймай, қоғамдағы алшақтықты одан әрі ұлғайта бермек. Біз вакциналардың екі миллиардтан астам дозасымен қамтамасыз етуге және денсаулыққа төнген жаһандық қатерлерден ұжымдық қорғанысты жақсартуға бағытталған жан-жақты күш жұмылдыруды құптаймыз. Дүниежүзілік «ұжымдық иммунитетке» үлес қоса отырып, Қазақстан QazVac вакцинасын жасау арқылы екпе ойлап тапқан әлемдегі алғашқы он елдің қатарына енді, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда QazVac коронавирустың дельта штаммына төтеп бере алатындай күшейтілгенін, бүгінде Қазақстан халқының 31 пайызы екпені толық алғанына тоқталды. Сонымен қатар азаматтарымыздың еркін таңдау жасауы үшін вакцинаның бірнеше түрі жеткілікті деңгейде ұсынылғаны туралы айтты.

Осы саммиттің пайдалы идеялары мен мақсаттарын жүзеге асыру үшін біз нақты ішкі жоспарларымыз бен міндеттемелерімізді әзірледік. Қазақстанда ұлттық биологиялық қауіпсіздік жүйесін құрудың заңнамалық негізі әзірленген. Біз халықаралық стандарттарға сәйкес келетін биологиялық қатерлерді болжауға арналған кешенді әрі жоғары технологиялық құрылым жасақтауға ұмтыламыз. АҚШ басшылығының күш-жігері мен Президент Байденнің «Әлемді жақсарту» жаһандық бастамасы аясында серіктестікті дамыту арқылы ұжымдық іс-қимылдарды қамтамасыз етуге ұмтылысын жоғары бағалаймыз. Сондықтан Қазақстан Сіздің ұсынып отырған міндеттерді бекіту туралы көзқарасыңызбен келісе отырып, осы мақсатқа қол жеткізу үшін өз үлесін қосуға дайын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент тәжірибе мен ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, кешенді шараларды жүзеге асыру жөнінде бірқатар бастама көтерді.

Біз ғаламдық деңгейдегі әлеуетті арттыруға назар аударуымыз керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласындағы Алматы декларациясының негізгі қағидаттарын насихаттау қажет. Біз болашақта биологиялық апаттар мен дағдарыстардың алдын алу үшін күш біріктіруіміз керек. Осыны ескере отырып, былтыр мен Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастама көтердім. Барлық мүдделі тараптармен тәжірибелік консультациялар жүріп жатыр. Біз серіктестерді осы бастаманы қолдауға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жаһандық туризм мен бизнеске COVID-19 пандемиясымен күресте көмектесу үшін вакцина сертификаттарын өзара мойындау бағытында жұмыс істеу маңызды екенін атап өтті.

Медициналық сертификаттар пандемиядан кейінгі кезеңде жұмысты қауіпсіз қайта қалпына келтіруге, экономиканың тез оңалуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Біз COVID-19 вакциналарына деген сенімді арттыру үшін әлеуметтік желілердің құралдарын қолдануымыз керек. Масс-медиадағы ғылыми негізделген ақпараттардың тапшылығынан қоғамда күмән немесе сенімсіздік бар. Біз халықтың вакцинаға деген сенімін арттыру үшін түсіндіру жұмыстарында нақты деректерге сүйенуіміз керек.

Біз шынымен де жақсы әлем құруымыз керек, сонымен қатар әділ, орнықты, экологиялық таза және ізгілікке негізделген «жаңа әлем» қалыптастырған абзал, – деді БҰҰ саммитінде сөйлеген сөзінде. 

Өзгелердің жаңалығы