Бас жаңалықтар
Термин жасау. Ерекше байқауда бағыңды сына!
28 Наурыз 2020, 17:50 233

Термин жасау. Ерекше байқауда бағыңды сына!

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы "Қазақы терминдерді халық жасайды" атты республикалық байқау жариялады.

Байқау 2020 жылдың 1-18 сәуір аралығында онлайн режімде өтеді. Байқаудың мақсаты – ұлттық терминжасамның өзекті мәселесін тиімді жолмен шешу, сәтті термин ұсынушы тіл жанашырларын анықтау және қолдау - дейді ұйымдастырушылар.

Республикалық байқау ережесі:

І кезең. Байқауға қатысушылар "Өзін-өзі таныстыру парағын" (Визиттік карточка) 1-5 сәуір аралығында termincom2020@gmail.com электронды адресіне жолдауы тиіс.

Байқауға қатысушылар "Теrmincом.kz" сайтындағы https://termincom.kz/alan электронды алаңға тіркеліп, 5-10 терминге балама ұсынуы шарт.

ІІ кезең. 7-12 сәуір аралығында өтеді. Мұнда бірінші кезеңнен өткен байқау қатысушыларына тұрмыста жиі қолданылатын 10 шеттілдік терминнің қазақ тіліндегі сәтті аудармасын жасау тапсырылады. 

Тапсырма https://termincom.kz/alan-да 7 сәуір күні жарияланады. Бұл ретте бағалау көпшілік дауысы арқылы және қазылар алқасының пікірімен шешіледі.

ІІІ кезең. 13-18 сәуір аралығында өтеді. Соңғы айналымға екінші кезеңнен іріктелген азаматтар қатысады. Олар белгіленген уақыт аралығында мәтін ішіндегі салалық терминдердің қазақы баламасын жасауы тиіс (термин саны 15-20).

Бағалау:

Қазылар алқасы:

- терминнің терминжасам әдістемесіне сәйкес болуына;
- терминнің лексикалық, грамматикалық тұрғыдан дұрыс болуына;
- терминнің қазақ халқының дүниетанымдық, мәдени болмысын танытуға уәжді қызмет ету деңгейіне;
- салалық терминің дефинициясының ашылуына;
- терминнің барынша сөз тіркестерінен емес жеке сөздерден жасалуына;
- тиісті саладағы жоғары қолданыс деңгейінің ықтималдығына ерекше мән береді.

Байқауға қатысушыларға қойылатын талаптар:

- байқауға 18 жастан асқан азаматтар қатыса алады.
- байқауға қатысушы өзін таныстыру парағын көрсетілген электронды адреске белгіленген уақытта жолдауы тиіс.

Байқау қорытындысы 20 сәуірде https://tilalemi.kz/ сайтында жарияланады.

Байланыс телефондары: 87172204541, 87017950243, 87752816206.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...