6 сәуірден бастап оқушыларға сабақ телеарналар арқылы оқытылады

19 Наурыз 2020, 21:01
3329
Бөлісу:
6 сәуірден бастап оқушыларға сабақ телеарналар арқылы оқытылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда мектеп оқушыларына каникулдан кейін телеарналар арқылы оқытылады деп күтілуде. Бұл туралы "Қазақстан" арнасындағы "Ашық алаң" бағдарламасында айтылды.

Бағдарлама жүргізушісі Мақсат Толықбайдың айтуынша, қазақ тіліндегі сабақтар "Қазақстан" телерадиокорпорациясына қарасты "Балапан" арнасынан көрсетілмек. Ал орыс тіліндегі сабақтар "Хабардың" құрамындағы "Еларнадан" беріледі. Мұны бағдарламаға қатысқан "Оқулық" ғылыми-практикалық орталығының жетекші сарапшысы Данагүл Смақова да растады.

Мұндай тәжірибе Моңғолияда қаңтар айының соңында басталып кеткен. Өйткені, коронавирустың алғашқы ошағы Қытаймен көршілес орналасқан ел бірден білім беру мекемелерінің жұмысыс тоқтатып, сақтық шаралары күшейтті.

Барлық мектеп, балабақша, кәсіптік білім беру мекемелері мен жоғарғы оқу орындары жабылды. Сөйтіп, 3 ақпаннан елдегі ірі 18 телеарна арқылы 1-12 сыныптың сабағын оқыту басталып кетті.

Қазақстанда үкіметтің қаулысымен оқушылар 16 наурыздан бастап каникулға шықты. Демалыс 5 сәуірге дейін жалғасады.

ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингте каникул аяқталған соң қажет болған жағдайда оқушыларды қашықтықтан оқыту үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде екенін айтқан болатын.

Бұл тұрғыда арнайы топ құрған болатынбыз. Бұл топ бір жарым ай бойы жұмысын атқарып жатыр. Егер 5 сәуірден кейін жағдай реттелмейтін болса, біз қашықтықтан оқыту жүйесіне көшуге дайынбыз. Қазіргі уақытта осы жүйені контентпен қамтамасыз ету, оны толтыру, педагогтарды оқыту, сервистерді тестілеу және басқа да жұмыстарды жүргізіп, оны 5 сәуірге дейін аяқтап, қажет болған жағдайда осы жаңа форматпен жұмыс істеуге дайын боламыз, - дейді Асхат Аймағамбетов.
Өзгелердің жаңалығы