Министр өңірлердегі суға қолданылып жүрген тарифтердің бағасын атады

4 Маусым 2019, 10:19
1728
Бөлісу:
Министр өңірлердегі суға қолданылып жүрген тарифтердің бағасын атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауылдық жерлерде суға қолданылып жүрген тарифтер өңірлерде әртүрлі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр айтты. 

«Ауылдық жерлерде суға қолданылып жүрген тарифтер өңірлерде әртүрлі. Ең төменгі тариф Жамбыл облысында - 25 теңге, ең жоғарғы тариф Қостанайда - 3 992 теңге. Халық үшін тарифтерді мемлекет субсидиялайды. Халық суға есептеу құралы болса - 30 теңге және болмаған жағдайда 40 теңге төлейді. Көрсетілген тарифтен артық сома субсидияланады. Бүгінгі күні республикалық бюджеттен шамамен 13 млрд теңге субсидия бөлу көзделген. Бұл ретте, жаңа нысандардың іске қосылуына қарай субсидиялауға қажеттілік өсіп отыр», - деді министр.

Оның айтуынша, осы нысандармен Ауыл шаруашылығы министрлігі бекітетін су құбырларының тізбесін толықтыру қажет. Аталған тізбені бекіту жөніндегі функцияларды әкімдіктерге беру субсидиялар бөлу мәселесін жеделдетуге мүмкіндік береді екен.

Министр сонымен қатар, ағынды суларды тазарту нормативтері Еуропалық стандарттарға сәйкес келу үшін кәріздік тазарту қондырғыларын салуға бюджеттен тыс қаражат тарту тетігін әзірлегенін айтты.

«86 қалалық елді мекеннің ішінде 58 қалада ғана кәріздік тазарту қондырғылары бар. Олардың орташа тозуы 60%-дан асты. 26 қаладағы қондырғыларды реконструкциялау және 27 қалада жаңадан салу керек. Аталған проблеманы шешу үшін алдын ала бағалау бойынша шамамен 330 млрд теңге қажет. Осы міндетті орындау үшін министрлік кәріздік тазарту қондырғыларын салуға бюджеттен тыс қаражат тарту тетігін әзірледі. Біз ағынды суларды тазарту нормативтерін Еуропалық стандарттарға сәйкес келтіруді ұсынамыз. Бұл сарапшылардың пікірі бойынша күрделі шығындарды 30%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді», - деді Роман Скляр.

Бұған дейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қала және ауыл xалқын орталықтандырылған сумен қамтасыз ету 2023 жылы аяқталатынын айтты. 

Өзгелердің жаңалығы