Бас жаңалықтар
Тараздағы көпқабатты үйлерге ыстық су қашан беріледі?
15 Маусым 2019, 09:31 325

Тараздағы көпқабатты үйлерге ыстық су қашан беріледі?

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Тараз қаласында Рамазан айында берілген ыстық су қазір тоқтатылды. Ал сәуір айында басталып кеткен қалаішілік жылу тарату желілерін қайта жаңғыртуға бағытталған құрылыс жұмысы қызу жүргізілуде. Осыған байланысты бірқатар көшелерде жол қозғалысы шектеліп, орта тұстары қазылу үстінде.

Қазіргі кезде екінші магистральдің бойындағы Қойгелді, Абай, Көшеней, Сыпатай батыр, Ниетқалиев көшелері, Жамбыл даңғылы, төртінші магистральдағы Сыпатай батыр, Төле би, Мирзоян, Қазыбек би, Аққошқар әулие, Дулати, Комратов, Қонаев көшелері бойларында орын тепкен тұрғын үйлер ыстық су құбырынан ажыратылды. Бұл жұмысты жүзеге асыруға «Нұрлы жол» бағдарламасымен қажетті қаржы қаралып, 9 шақырымнан астам жылу желісі ауыстырылмақ. Бұл алдымен тұрғындарды қыс уақытында дұрыс жылумен қамту үшін жасалуда.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы кезекті баспасөз мәслихатында Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Құдайберген Қорғанбаев айтып берді.

«Жылумен қамтитын кәсіпорындардың жылу жүйесі мен қазандықтарын ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізу үшін қазынадан 626,83 миллион теңге қаржы қаралды. «Жамбыл-Жылу» кәсіпорнының РК-1 қазандығы арқылы қаладағы 82 көпқабатты тұрғын үй ыстық сумен қамтылып отыр. Оның ішінде «Қаратау» мен «Қарасу» шағын аудандары, «Массив Қарасу» мен «Қант кенті» массивтері бар. Оларда ыстық су тоқтаусыз беріледі. Ал шаһардағы 714 көпқабатты тұрғын үйдің 610-ында ыстық су тоқтатылған», - деді ол.

Сондай-ақ «ТемірЖол-Жылу» кәсіпорнына қарасты «Газовая» қазандығынан Байзақ батыр көшесіндегі 19 көп қабатты тұрғын үй де ыстық судан ажыратылды. Жоғарыда аталған учаскелерде жылу желілерінің ауыстырылуына байланысты ыстық су қыркүйек айына дейін тоқтатылмақ.

Баяндамашы қала тұрғындарын түсіністік танытуға, өздері тұратын көпқабатты тұрғын үйлердің келесі жылыту маусымына дайындығын пысықтауға шақырды.

«Тараз қаласындағы жылу тарату жүйесінің ауыстырылмағанына 47 жыл болыпты. Біз жылда қаланың жылу жүйесін бөліп-бөліп жаңарту үстіндеміз. Бәрін бірден жаңғыртуға көп қаржы қажет. Бұл жұмыстарды жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтайтын боламыз. Қала тұрғындары бұл іске түсіністікпен қарап, шыдамдылық танытқаны жөн», - деді басқарма басшысының орынбасары.

«Таразтрансэнерго» МКК директорының міндетін атқарушы Жақсылық Жогибаевтың айтуынша, ыстық су айналымы болмағандықтан, өткен айда кейбір көпқабатты тұрғын үйлерге ыстық су тиісті температурада жетпеген. Ал бұл мекемеге тұтынушылардың 400 миллион теңге берешегі бар. Бүгінгі таңда 158 миллион қарызы бар жүздеген тұтынушының ісі сотқа жолданды.



Фото: автордан

Сізден жаңалық