Тараздағы 12 ірі қиылысқа "Ақылды бағдаршам" орнатылды

1 Маусым 2020, 09:39
2488
Бөлісу:
Тараздағы 12 ірі қиылысқа "Ақылды бағдаршам" орнатылды

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жыл басынан бері Жамбыл облысының автожолдарында 283 жол-көлік оқиғасы орын алған. Нәтижесінде 28 адам қаза тауып, 403 азамат жарақат алды. Бұл туралы Жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Жайдарбек Құттыбаев айтып берді.

Оның сөзінше, жол бойындағы көлік апаты өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 23,9%-ке азайған. Ал көлік құралдарының саны + 85,3 %-ке өсіпті. Жауапты маманның пікірінше, көліктердің көбеюі жол-көлік аппаттарының өсуіне едәуір әсерін тигізуде. Сонымен қатар, жүргізушілер мен азаматтардың тәртібінің төмендігі мен елді мекендердегі жолдардың сапасының нашарлығы себеп болып отыр.

Полиция қызметкерлері жыл басынан бері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңірдегі автожолдардың 12 мыңнан астам шақырымына тексеру жұмыстарын жүргізді. Жолдарда қызмет көрсетудегі кемшіліктер бойынша аудандық және облыстық атқарушы органдарға 112 ақпарат жолданды. Оның ішінде, 42-сі жергілікті атқарушы органдарға жіберілді, - деген Жайдарбек Құттыбайұлы Тараз қаласының аумағында 98 бағдаршам қызметі қайта жаңғыртылып, 12 ірі қиылысқа "Ақылды бағдаршам" орнатылғанын айтты.

Жаяу жүргіншілердің, соның ішінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мектептер мен мектепке дейінгі мекемелер жанында және жаяу жүргіншілердің жаппай өтетін жерлерінде "Жаяу жүргіншілер өткелі" жол белгілері жарық диодты белгілерге ауыстырылыпты. Енді оқушылардың жасанды макеттері орнатылып жатыр екен.

Полиция подполковнигі жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жыл басынан бері 4 профилактикалық шара ұйымдастырылғанын тілге тиек етті. Оның екеуі "Қауіпсіз жол" деп аталса, біреуі – "Автобус", соңғысы "Құқықтық тәртіп" деп аталған. Ал өңірдегі тәртіп сақшылары жол көлік ережелерін бұзу дерегі бойынша 30 599 әкімшілік құқық бұзушылық анықтаған.

Патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторлары Тараз қаласы мен аудандарда 10-нан астам локальді жұмыс атқарды. Облыс орталығының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері болса, күн сайын автобустарда, аялдамаларда азаматтармен жол ережесін сақтау туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Патрульдік полицияның 20 қызметкерінен құралған 10 экипаж тобы жол-көлік апаты жиі орын алатын аудандар мен аумақтарда күн сайын профилактикалық шаралар ұйымдастырады, - деді Жайдарбек Құттыбаев.


Өзгелердің жаңалығы