Алматы облысында табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 70-ке жуық дерегі анықталды

10 Қазан 2019, 10:50
2493
Бөлісу:
Алматы облысында табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 70-ке жуық дерегі анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оның 16 дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп мәлімдеді облыстық ПД баспасөз қызметі.

Алматы облысының тәртіп сақшылары табиғат қорғау органдарымен бірлесе отырып, 5 күн ішінде табиғат қорғау заңнамасының талаптарын бұзудың 67 дерегін анықтады. 

«Алматы-Өскемен автожолында Шығыс Қазақстан облысының 40 жастағы азаматының көлігінен тасымалдауға қажетті құжаттары жоқ 5 тонна ақсерке балығы табылды. Қазіргі уақытта мемлекетке келтірілген шығын есептелуде. Сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде істің мән-жайы анықталатын болады», - делінген хабарламада.

Бұған дейін полицейлер Балқаш ауданынында жабайы шошқаны заңсыз атып алған жергілікті тұрғынды ұстады. Оның мемлекетке 630 мыңнан астам шығын келтіргені анықталды.

Сондай-ақ, Кербұлақ ауданының тұрғынын пайдалануға тыйым салынған электр тоғы бар қармақпен балық аулағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделуде.

Қапшағай су қоймасында Іле ауданының заңсыз балық аулауды кәсіп қылған төрт тұрғынынан 4 қайық және олардың қозғалтқыштары мен 159 келі балық тәркіленді. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 335-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Полицейлер таратқан ақпаратқа сәйкес, «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы 5 қазанда басталып, айдың соңына дейін жалғасатын болады. Бес күн ішінде полицейлер заңсыз ағаш кесудің – 9, балық аулау заңнамасын бұзудың - 6, аң аулаудың бір дерегі бойынша қылмыстық іс қозғап, 47 тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырған.

Өзгелердің жаңалығы