Бас жаңалықтар
Төрт қазақтың Сиднейде атой салғанына 20 жыл
Мақала PHOTO
30 Қыркүйек 2020, 16:02 577

Төрт қазақтың Сиднейде атой салғанына 20 жыл

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осыдан тура 20 жыл бұрын бокстан қазақтың төрт боксшысы Сидней Олимпиадасының финалында айқасқан болатын. Әзірге бұл рекорд жаңарған жоқ.

1980 жылы классикалық күрестің балуандары Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков Олимпиада чемпиондары атанғаннан кейін алаш жұрты төртжылдық додасының «алтынын» 20 жыл зарыға күтті. Бір қызығы, тағы да қос алтын спорттың бір түрінен бұйырды. Яғни, 2000 жылдың 1 қазанында боксшылар Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ыбырайымов ел даңқын асқақтатып, Олимпиада ойындарының алтынын мойындарына тақты. Тағы екі қазақ боксшысы күміс жүлдені еншіледі. Бұрын-соңды және одан кейін де қайталанбай келе жатқан рекорд осы Сиднейге тиесілі. Жасыл құрлықтағы Олимпиаданың финалында 4 қазақ боксшысы бақ сынады.

Жетеуі де ширек финалға жетті

Сидней Олимпиадасында бокстан 12 салмақ бойынша жүлделер сарапқа салынған еді. Бірақ Тұрсынғали Еділов бастаған ұлттық құрама Олимпиадаға бес салмақта жолдамаға қол жеткізе алмады. Яғни лицензия бұйырмады. Куба, АҚШ, Ресей құрамалары толық құрамда келген. Украина мен Румынияның өзі 11 боксшысын апарды. Көрші Өзбекстанның 10 былғары қолғап шебері Австралияда айқасқа түссе, Азиядағы тағы бір мықты Таиландтың 9 боксшысы өнер көрсетті. Бізден 7 боксшымыз бақ сынады. Дегенмен, дайындықтың жоғары болғанының арқасында жеті боксшымыз да ширек финалға дейін сүрінбеді.


Сидней Олимпиадасында бақ сынаған қазақ боксшылары: Болат Жұмаділов (51 келі), Бекзат Саттарханов (57 келі), Нұржан Кәрім­жанов (60 келі), Данияр Мұ­ңайт­пасов (67 келі), Ермахан Ыбы­рай­ымов (71 келі), Олжас Оразалинов (81 келі) және Мұхтархан Ділдәбеков (+91 келі).

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш чемпион!

Сидней Олимпиадасына дейін жас талант Бекзат Саттарханов 1998 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының, 1999 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдесін еншіледі. Олимпиада ойындарына жолдаманы да осы Ташкенттегі құрлық біріншілігінде иелік етті.

Бекзат Олимпиада ойындарына алғашқы жекпе-жегін румын боксшысы Бобирнат Овидиумен өткізді. Бірінші раундта румынның жұдырығы ауаны осқылаумен болды. Есесіне, Бекзат 4:0 есебімен алда тұрды. Екінші раундта да Бекзаттың басымдылығы айқын көрінді. Румын жігіті әрең дегенде, екі ұпай жинады. Есеп – 8:2. Қалған екі кезеңде де Саттарханов қарқынынан танбады. Сәл шаршап қалды ма, әлде толқыныстың әсері ме, тек жекпе-жек соңында қарқыны бәсеңдеді. Жеңіс талассыз Бекзатқа берілді. Есеп те жас боксшының айқын басымдығын аңғартқандай – 14:5. Бекзаттың келесі «құрбаны» оңтүстікафрикалық Д. Матебула болды. Оны да атойлап жүріп, айқын басымдықпен ұтып тастады.


Сол жолы түркістандық жас боксшыға қатты қарсылық көрсеткен түрік боксшысы Рамазан Палиани болды. Түрік боксшысы Рамазан Палианиді Олимпиаданың алдында чемпиондық таққа мінгізіп қойғандар да табылған. Соңғы секундтарға дейін есеп 11:11 болып тұрған еді. Бокста жекпе-жекті тең есеппен аяқтау өте қауіпті. Себебі «техникалық басымдық» деп жеңісті қарсыласыңа бере салуы әбден мүмкін. Жан алысып, жан берісіп жатқан Бекзат ол жағын ойлап та жатпаған болар, иектің астынан сұмдық соққы беріп, есепті 12:11-ге жеткізіп, алға шықты! Міне, керемет! Саттарханов жартылай финалда.

Жартылай финал! Ғаламат әсер. Бекзат сол таудың биігінде тұр. Әрине, Олимп шыңын бағындыруға әлі ерте. Ол үшін қалған екі жекпе-жекте жеңіске жету керек. Ондай жетістікке мықтының мықтысы ғана шығады. Жартылай финалдағы қарсыласы - марокколық Тахар Тамсамани. Бұлшық еті көрген жұртты сүйсіндіретіндей, нағыз қара маржан. Алғашқы раундта Бекзатымыз ұтылып тұрды. Бірақ одан соң, есеп теңескен тұста жерлесіміз қара үзіп кетті. Қорытынды есеп – 22:10. Осылайша, Бекзат финалға шықты!

Ақтық сындағы қарсыласы – Атланта Олимпиадасының чемпионы таиландтық С. Кампсингті жолдан тайдырған, бір жыл бұрын әлем чемпоны атанған америкалық Рикардо Хуарес.

Хуарес финалда қанша кескілескенімен Бекзатқа шамасы жетпеді. Жерлесіміз билеп жүріп бокстасып, Рикардоның зығырданын әбден қайнатты да, жүйкесіне ши жүгіртті. Ақыр соңында Рикардо да қалжырап бітті. Төрт раундқа созылған жекпе-жек 22:14 есебімен Саттархановтың пайдасына шешілді. Бекзат Олимпиада чемпионы! Бұл жағымды естілетін керемет сөз. Халқының қуаныш, бағына туған дара Бекзат елінің туын аспанға көтеріп, әнұранын орындатып, бүкіл әлемге Қазақстан Республикасын, қазақ ұлты бар екенін паш етті.

Ту көтерген Ермахан

Сиднейдегі бокстан екінші алтын Ермахан Ыбырайымовтың қоржынында. Ол 71 келі салмақта сынға түсіп, ел сенімін ақтады. Ол Тәуелсіз Қазақстан тарихында ту көтеріп барып, чемпион атанып келген алғашқы және әзірге жалғыз спортшы.

Ермахан Сиднейге дейін біраз белесті бағындырып үлгерген еді. 1996 жылы Атланта Олимпиадасында қола жүлдеге қол жеткізгені бар.


Жасыл құрлықтағы шаршы алаңда 28 жастағы қазақ боксшысы алдымен Канададан келген Ник Фаррелдің тас-талқанын шығарды (15:4). Одан кейін Хендрик Мангунсонның «мәселесін» бірінші раундта-ақ шешіп тастады.  Беті қанға боялып, есінен танған Индонезия боксшысына жаны ашыған төреші жекпе-жекті дереу тоқтатты. Ақтөбенің атынан барған Жамбыл облысының тумасына одан соң 1995 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Маркус Байермен жолықты. Бірақ германиялық боксшы да қазақ жігітіне қауқар көрсете алмады (19:9). Ал ширек финалда кубалық Хуан Эрнандесті еркін ұтқаны әлі күнге дейін аңыз болып айтылып жүр. Өйткені Сиднейге дейін Ермахан бұл боксшыдан үш рет жеңілген. Қарсыласының атағы алысқа кеткен. Төрт дүркін әлем чемпионы, Барселона мен Атланта Олимпиадасының күміс жүлдегері, 2 дүркін Панамерика және Ізгі ниет ойындарының жеңімпазы болатын. Хуан Эрнандеске әлемнің 4 алтынын алу бұйырғанымен, Олимпиадада топ жару маңдайына жазбаған екен. Бұған дейін екі рет финалда сүрінсе, осы жолы тіпті ширек финалдан аса алмай, қолғабын шегеге ілді. Оны тоқтатқан қазақ боксшысы – Ермахан Ыбырайымов.

Жартылай финалда Ермахан аме­рикалық Джермейн Тейлорды, шешуші кезеңде румын Марин Симионнан соңғы минутқа дейін екі ұпай айырмасымен жеңіліп жатып, алма-кезек үш соққымен алтынды жұлып алды.

Қос күміс

Сиднейде алтынға бергісіз қос күміс 51 келідегі Болат Жұмаділов пен аса ауыр салмақтағы Мұхтархан Ділдәбековке бұйырды.

Шынашақтай Болат Жұмаділов бокстан қазақ жігіттері арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. Ол Сидней Олимпиадасының қарсаңында АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен әлем чемпионатында топ жарған еді. Болатқа дейін мұндай атақ бокстан ешбір қазаққа бұйырмапты. Ал осы елде туғандар арасында да аса көп емес. Тек 1978 жылы – Валерий Рачков, 1989 жылы Игорь Ружников жеңіске жеткен.


Осыдан кейін Жұмаділовтен жанкүйерлер Сиднейде тек алтын күткен. Оның алдында Атлантада финалда сүрінгені бар. Сол жолғы күмісін алтынға айырбастай ма деп үміттенгендер көп болды. Жасыл құрлықта 51 келідегі отандасымыз зам­биялық Кенеди Канията, ар­ме­ниялық Вахтанг Дарчинянды және франциялық Жером То­маны оңай жеңді. Ал финалда таиландтық Ви­чан Понлидке есе жіберді. Өзі айтпақшы, Болатқа «Олимпиада алтыны бұйырған жоқ».

Оcылайша, 12 жылға созылған спорттық ғұмырымда Олимпиаданың екі медалін, әлем және Азия чемпионатының үш жүлдесін еншілеппін. Екі Олимпиаданың алтыны қолдан сусып кетсе де, менің боксқа, спорттағы ғұмырыма өкпем жоқ, - депті Жұмаділов Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Ал Мұхтархан  Ділдәбековтің боксқа келуінің өзі қызық. Ол жұрттың балалары секілді мектепте жүргенде қолына қолғап киген жоқ. Есесіне, көкпар салып жүрген бозбалалардың бірі болған. Шаршы алаңға тек мектеп бітірген соң, 18 жасында шыққан.

Соған қарамастан 22 жасында Азия ойындарында топ жарды, 23 жасында әлем чемпионатының күмісін еншіледі, 24 жасында Олимпиаданың финалына шықты.

Сиднейдегі Мұхтарханның әсіресе, ширек финалда өзінен әлдеқайда ауыр Алексис Рубалкабаны (Куба) екі нокдаунмен жеңуі бокссүйер қауымның әлі күнге дейін есінде. Жартылай финалда өзінің ескі қарсыласы, өзбектің атақты боксшыларының бірі Рустам Саидовтың осал тұсын тапты. Өкініштісі, финалда Одли Харрисонға (Ұлыбритания) тактикалық тұрғыда есе жіберді. Өзі «маңдайыма күміс жазылған екен, осыған да қанағат» дейді.

Менің табиғатым солай, қандай қарсыласым болсын онымен бір рет айқассам, оны екіншісінде ұтамын. Одли Хариссонмен алдын кездесе алмап едім. Сол бәрібір кесірін тигізді. 1999 жылы Хьюстонда ол бастапқы бәсекелерде-ақ түрікке ұтылып қалды.



Нұрғали ағай екеуміз барлық қарсыласты ой елегінен өткіздік. Тек ағылшын Хариссон ғана ұмыт қалыпты. Алты ай бойы негізгі қарсыластарыммен спаррингке түстім. Қай ел болса да, бәрін адақтап шықтық алты айдың ішінде. Еуропа, Африка, Америкаға барып қайттық. Бәрімен кездесу өткіздік. Бәрін зерттедік. Сиднейге сол дайындықпен барсақ, біз елемеген Одли Хариссон жүр. Біз оны барады деп ойламадық. Чемпион болу үшін тек Рубалкабадан өту керек болды. Ол қарсыластарының бәрін құлатып келе жатқан. Ширек финалда екеуміздің жолымыз түйіскенде, делегациядан барған кей кісілер «Енді келесі Олимпиадаға дайындала беріңдер. Бұл жолы Мұхтарханның жолы болмады» деген пікір айтты. Біздің ойымыз мүлде басқа. Ер кезегі үшке дейін. Екі рет ұтылып, енді үшіншісін біз ұтамыз деп шықтым. Алла абырой беріп, жеңіп кеттім. Рубалкабаны италиялық Видоз екеумізден басқа ешкім ұта алмаған. Өйткені бойы – 206 см, салмағы 134 келі тартатын еңгезердей алып еді. Сіңірлі, жылдам қимылдайтын. Содан Рубалкабаны ұтқаннан кейін Саидовтан қалай да өту керек. Басқа жол жоқ. Бар күшімді салып, үш раунд бойы бокстастым. Ал финалда да бабым жақсы-ақ еді. Бізде екі алтынды көпсінді ме, қазылар ағылшынның ыңғайына жығылды, - дейді Мұхтархан «Sport» газетіне берген сұхбатында.

P.S. Сиднейдегі қазақ боксшыларының тарихи жолы осылай өрбіген болатын.


 


Фото: дереккөз
Загрузка...
// (function (d, w, c) {(w[c] = w[c] || []).push(function () {try {w.yaCounter34776245 = new Ya.Metrika({id: 34776245,clickmap: true,trackLinks: true,accurateTrackBounce: true,webvisor: true,trackHash: true});} catch (e) {}});var n = d.getElementsByTagName("script")[0],s = d.createElement("script"),f = function () {n.parentNode.insertBefore(s, n);};s.type = "text/javascript";s.async = true;s.src = "https://mc.yandex.ru/metrika/watch.js";if (w.opera == "[object Opera]") {d.addEventListener("DOMContentLoaded", f, false);}else {f();}})(document, window, "yandex_metrika_callbacks");//