Түркістанда 5 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталды

15 Қыркүйек 2020, 04:36
1474
Бөлісу:
Түркістанда 5 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Самұрық-Қазына» қоры Түркістан қаласында салынып жатқан әлеуметтік маңызы бар 5 нысанды облыс әкімдігіне тапсырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар: Қожа Ахмет Ясауи мұражайы, 7000 орындық стадион, оқушылар сарайы, Конгресс-холл және «Қазпоштаның» облыстық бөлімшесінің ғимараты.

Бүгін өңірге жұмыс сапарымен арнайы барған қордың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов алдымен тапсырылатын нысандарды аралап көрді. Жаңа ғимараттардың құрылысы толық аяқталған. Пайдалана беруге болатынын айтқан қор төрағасы құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында әкімдік тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетілгенін жеткізді. Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев те Елбасының Түркістанды жаңғырту жөніндегі тапсырмасына орай облыс орталығындағы әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы сапалы әрі сәтті жүзеге асып жатқанын тілге тиек етті.
Сапар соңында қор төрағасы мен аймақ басшысы Түркістан өлкесінің дамуына қосқан үлесі туралы жаңа меморандумға қол қойды.
Бұл облыстың өсіп-өркендеуіне үлес қосып, бүкіл Қазақстанға жұмыс істейді деп ойлаймын. Себебі нысандардың бәрі керемет, үлкен. Көп жылға алдын ала болжап жасалған нысандар. Дүние жүзінің барлық талаптарына сәйкес келеді, - деді «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов.
Сонымен қатар қор өңірде газдандыру, электр энергетикасы, электрондық коммерция, пошта қызметтері, ақпараттық және коммуникациялық инфрақұрылым саласындағы бірқатар жобаны іске асырып жатыр. 
2 жыл тынымсыз жұмыс жасалды. Өте сапалы жұмыс болды. Бұл құрылыс Түркістан қаласының әкімшілік орталық ретінде қалыптасуына керемет үлес қосты деп айтуға болады, - облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Сондай-ақ, әлеуметтік саланы дамытуға және жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға ерекше көңіл бөлінген.


Өзгелердің жаңалығы