Сырттан келген қандастардың жыл соңына дейін ғана мүмкіндігі бар – Сапарбаев

23 Тамыз 2019, 17:17
7915
Бөлісу:
Сырттан келген қандастардың жыл соңына дейін ғана мүмкіндігі бар – Сапарбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкіметте өткен баспасөз жиынында вице-премьер Бердібек Сапарбаев сырттан келген қандастарымыздың мәселелеріне қатысты сауалға жауап берді.

«Соңғы кездері әлеуметтік желілерде басқа мемлекеттерде тұратын қандастар туралы мәселелер көбейіп кетті. Шынымен де, Елбасы дұрыс айтты. Қандастарын туған жеріне шақырып алған Қазақстан дүниедегі аз ғана мемлекеттердің бірі. Сіздер жақсы білетіндей, өткен уақыттың ішінде 1 миллионнан астам қандасымыз Қазақстанға көшіп келді. Олардың барлығына көмек жасалады. Ал енді бізге көмек жасалмады деген түсініксіз. Оларды зерттеп қарау керек», - дейді Бердібек Сапарбаев.

Оның айтуынша, сырттан келген қандастарымыздың барлығы шығыны мемлекеттің мойынында. Осы мақсаттар бойынша 25 жылдың ішінде 150 млрд теңгедей қаржы жұмсалған екен.

«Павлодар мен Шығыс Қазақстанда, Шымкент қаласында ауылдар салынды. Одан басқа, алты өңірде келетін біздің отандастарымызды Қазақстанның заңына, өміріне, салтына бейімдеу үшін оңалту орталықтары бой көтерді. Одан кейін әрбір сырт мемлекеттен келетін отандастарымыздың жол шығындары, күнкөріске кететін шығындары, жұмысқа орналастыру, балаларын мектепке, балабақшаға орналастыру, медициналық қызметпен қамту – барлығы мемлекеттің мойнында. Қазіргі есеп бойынша, өткен 25 жылдың ішінде 150 млрд теңгедей қаржы жұмсалыпты. Ол жұмыс енді жалғасын тауып жатыр. Осы өткен 7 айдың ішінде 6 мыңнан астам қандас көшіп келді. Бұл жұмыс жалғасын табады», - деді вице-премьер.

Үкімет басшысының орынбасары Қазақстан азаматтығын ала алмай жүрген қандастарымыз осы жылдың соңына дейін мүмкіндікті пайдалану керектігін де айтты.

«Кейбір қандастарымыз дер кезінде құжаттарын тапсырмағандықтан, Қазақстан азаматтығын ала алмай жүр. Ол құжаттың мерзімі бір-ақ жыл. Елбасының тапсырмасына сәйкес, мерзім осы жылдың аяғына дейін созылды. Соны пайдаланып, азаматтық ала алмай жүрген қандастарымыз азаматтығын алуы керек», - дейді Бердібек Сапарбаев.

Өзгелердің жаңалығы