Сыр журналистикасының абызы еді

13 Шілде 2020, 09:05
2220
Бөлісу:
Сыр журналистикасының абызы еді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сыр журналистикасы орны толмас қайғыға душар болды. Бүгін ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Әскербек Рахымбекұлы ағамыз 78 жасында фәнидің қақпасын жапты.

Бұл туралы марқұмның әріптестері, "Сыр медиа" ЖШС ұжымы әлеуметтік желіде жазды. 
Әскербек Рахымбекұлы "Сыр медиа" серіктестігінің ардагерлер кеңесінің төрағасы болып, ізінен ерген рухтас іні-қарындастарының ғана емес, Қызылорда облысындағы ақын-жазушылардың ақылшы ұстазы болды. Амал нешік, ардақты ақын, асыл ағамыз келместің кемесіне мініп кете барды. Қаламгердің отбасына, жақындарына және Сыр жұртшылығына, руханият жанашырлары мен қаламгерлерге қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Оның жарқын бейнесі, құнды мұрасы ұрпақ жадында мәңгі сақталады. 
Ағамыздың алды арық, иманы жолдас болсын!, – деп жазды ұжымдастары.

Әскербек Рахымбекұлы Қызылорда облысы Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылында 1942 жылғы 22 наурызда туған. 1965 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітірген.
1965-1969 жылдар аралығында "Сырдария" газетінде қызмет атқарған.1970 жылдан облыстық "Ленин жолы" (қазіргі "Сыр бойы") газетінде, "Сырдария" газетінде Қызылорда облыстық теларадио комитетінде, облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарады.
Ә.Рахымбекұлы әр жылдары облыстық «Сыр бойы» (бұрынғы «Ленин жолы») газетінің бас редакторы, осы газетте редактордың орынбасары, кеңесші қызметтерін атқарды.
Оның 1979 жылы «Тұсаукесер», «Сырдария әуендері», «Тұлпар туралы дастан», "Ғашық жүрек", "Айдынынан айырылған Аралым – ай", "Алтын Арай", "Тұлпарлар тағдыры", басқа да жыр кітаптары шықты.
Әскербек Рахымбекұлы – "Сырдария" кітапханасы атты 200 томдық кітаптар сериясы редакторының бірі. Екі мәрте "Жалын" баспасы жариялаған жабық бәйгенің жүлдегері.
Өзгелердің жаңалығы