Су басу қаупі бар жерлердің тізімі жасалды - министр

12 Ақпан 2019, 11:28
1485
Бөлісу:
Су басу қаупі бар жерлердің тізімі жасалды - министр

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек су басу қаупі бар жерлердің тізімі жасалғанын, олардың қатаң бақылауға алынғанын мәлім етті.


Оның айтуынша, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын су тасқыны кезеңіне дайындау мақсатында іс-шаралар жоспары бекітілді. 

«Министрлік әкімшіліктермен «ҚазАвтожол», «Қазақавтожол» компанияларымен бірлесіп, су тасқынының алдын алу жөніндегі комиссияны құрды. 1 ақпаннан бастап, тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылды және күн сайын жолдар мен жол құрылыстарын патрульдеу жүргізіліп, су тасқыны қаупі бар 472 учаскі, 713 құбыр мен 83 көпір бақылауға алынды. Бұл учаскілерге бүгінгі күні 550 қажетті жол техникасы бекітіліп бөлінді», - деді Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар ол су тасқыны кезеңіндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жол материалдарының қоры құрылғанын айтты.

«254 мың тонна жанармай, 6,8 мың текше метр құм, 2,1 мың текше метр тас және ұсақталған тастар бар. Су тасқынына қарсы шараларды атқару кезеңінде өңірлердегі климаттық жағдай назарға алынды», - деді министр.

Осы орайда ол теміржол мен жасанды құрылымдарда су тасқыны кезеңіне дайындау мақсатында «ҚазақстанТеміржолы» ұлттық компаниясының арнайы бұйрығы бекітілгенін мәлім етті.

«Пойыздар үздіксіз және қауіпсіз жүру үшін 1 наурызға дейін оңтүстік өңірде 15 наурызға дейін батыс және шығыс өңірлерде, ал 1 сәуірге дейін солтүстік аймаққа қажетті материалдар мен конструкциялар тиелген 42 арнайы пойыз дайындалады», - деді Қасымбек.

Сөз соңында министр аталған мәселе қатаң бақылауда екенін жеткізді.

«Жолдар мен көпірлердің қауіпсіздігін және тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін техникалық шаралар әзірленді. Қауіпті жерлердің тізімі жасалды. Су тасқыны кезеңі басталғанға дейін көпірлердің, құбырлардың, су жүретін жолдарын тазарту жұмыстары жоспарланып аяқталады. Жоғарыда көрсетілген іс-шаралар бойынша жұмыстар арнайы бақылауға алынды және уақытылы орындалып жатыр», - деп түйіндеді сөзін ол.
Дәурен ЕРБОЛАТ
Өзгелердің жаңалығы