Студенттік құрылыс жасақтары қайда еңбек етеді?

6 Маусым 2019, 16:56
1976
Бөлісу:
Студенттік құрылыс жасақтары қайда еңбек етеді?

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Тараз қаласындағы оқу орындарының студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасақтары жылдағы дәстүр бойынша құрылыс нысандарына аттанды.

Өңірде еңбек жасақтары қайта құрылып, жұмысы жандана бастағалы 8 мыңнан астам студент құрылыс нысандарында жұмыс істеп, табыс тапқан. Жастар еңбек ету үшін шағын қалаларға, аудан оталықтарына, ауылдарға барып, сан алуан мекемелер мен мектептер, ауруханалар мен балабақшалардың және басқа да әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне атсалысқан.

«Тарихы сонау 1959 жылдан бастау алатын құрылыс жасақтары талай нысандарда құрылыс жұмыстарын жүргізіп, өңірдің дамуына өзіндік қолтаңбаларын қалдырды», - дейді Жамбыл облысы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті Су шаруашылығы, экология және құрылыс факультеті деканының орынбасары, студенттік құрылыс жасақтарының үйлестірушісі Алтай Аманқұлұлының айтуынша, еңбек жасағына қосылуға биыл 335 студент ниет білдірген.

«Соның 289-ына медициналық тексеру қорытындысы бойынша (194 ұл, 95 қыз) рұқсат беріліпті. Олар 16 студенттік құрылыс нысанында жұмыспен қамтылып отыр. Бұл топта оқудың төлемақысы бойынша жеңілдік алатын 98 студент бар» - деді А.Аманқұлұлы.

Мамандардан білгеніміздей, былтыр еңбек жасақтарына ТарМУ-дің 118 студенті тартылыпты. Биыл жастардың белсенділігі екі есе артқан. Құрылыс жасақтарының мүшелеріне 60000-70000 теңге көлемінде жалақы төленеді.

Айта кетейік, аудандардағы құрылыс нысандарындағы жасақтар 3 мезгіл ыстық тамақпен, жатын орынмен, ал Тараз қаласындағылар 1 мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар оларға құрылысқа арналған киім де беріледі.

Өзгелердің жаңалығы