Өскемендік полицейлер аз қамтылған отбасыларға қол ұшын созды

20 Ақпан 2019, 09:37
3607
Бөлісу:
Өскемендік полицейлер аз қамтылған отбасыларға қол ұшын созды

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. 1 наурыз – «Алғыс айту» күні қарсаңында Өскемен қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері жұмыс кестелерінің тығыздығына қарамастан, жағдайы нашар отбасыларға көңіл бөліп, қажетті азық-түліктерін жеткізіп берді. «Жарқын істер қаласы» қайырымдылық акциясы аясында жалғызбасты зейнеткерлер мен Ұлы Отан соғысы ардагерлері де тәртіп сақшыларының назарынан тыс қалмады.



Өскемендік полицейлер аз қамтылған отбасыларға қол ұшын созды

Полиция қызметкерлері бірінші кезекте төрт бүлдіршінді бағып-қағып отырған ІІ топтағы мүгедек ананың үйіне барды. Жалғыз отағасының құрылыста тапқан нәпақасын талғажау етіп отырған отбасының тұрып жатқан баспаналары да жалдамалы. Тәртіп сақшылары күнделікті тұрмыста қажетті азық-түлікпен қатар отбасының жағдайын бағалап, балалардың оқу құралдарының бар-жоғын тексерді.

Сондай-ақ, бұл күні Ұлы Отан соғысының ардагерлері де назардан тыс қалмады. Полиция қызметкерлерін Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Степанович қарсы алды. 94 жастағы ардагер Согра ауданындағы жеке тұрғын үйде тұрады. Полиция қызметкерлері күрекпен ауланы тазартып, шатырдың қарын түсірді. Қарияға қажетті отын-суын үйіне кіргізіп берді.

Өскемендік полицейлер аз қамтылған отбасыларға қол ұшын созды

«Бұл біздің бүгінгі бейбіт күнімізді қамтамасыз ету жолында қар жастанып, мұз құрсана сұрапыл соғысты басынан кешірген ардагерлеріміз үшін жасай алатын аз ғана көмегіміз. Олардың көздерінен алғыс пен мейірімділікті көру – біз үшін үлкен бақыт әрі зор мәртебе», - деді Өскемен қалалық Полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Марат Баяндинов.

Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері облыс орталығының Солжағалау шағын ауданында тұратын тыл еңбеккері, зейнеткер Людмила Узарованың және Согра ауданында тұратын тыл еңбеккері Любовь Никифорованың да үйлерінде болып, керекті азық-түлігін апарып, аулаларын қардан тазартты. Бастапқыда тосыннан келіп қалған погонды қонақтарды көрген зейнеткерлердің абдырап қалғаны рас. Бірақ сәлден соң олардың келген мақсатын білген зейнеткерлер тәртіп сақшыларын қуана қарсы алды.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Фото: Өскемен қалалық Полиция басқармасы

Өзгелердің жаңалығы