Шымкентте «Студенттер үйі» ашылды

6 Сәуір 2019, 18:10
6753
Бөлісу:
Шымкентте «Студенттер үйі» ашылды
PHOTO
Фото: автордан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің жаңа 350 орындық жатақханасы пайдалануға берілді. Аталған Студенттер үйі Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында ашылды. 


Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде салынған Студенттер үйінің ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов университет басшылығын, оқытушылар және студенттерін осынау қуанышты жаңалықпен құттықтады. 

"Құрметті студенттер, ертең сіздер университет бітіріп, қазақ тілі, орыс тілі не ағылшын тілі мұғаліміне айналып, мектептерге барып, шәкірт тәрбиелейсіздер. Бәріміз де ұстаз алдынан өсіп шықтық. Мен өз ұстаздарымды әрдайым құрметтеп, оларға әрқашан рахмет айтамын. Өйткені, сол кісілер білім беріп, тәрбиелеп, үлкен өмірге дайындады. Білсеңіздер, балалар мектепте мұғалімдеріне өте жақын өседі. Тіпті ата-анасына айтпайтын сырларын мұғалімдеріне айтатын кезі болады. Сіздер де шәкірті өзіне жақын тартатын мұғалім болыңыздар. Шәкірттеріңіз сіздерді құрметтеп жүрсін! ОҚМПУ - қаламыздағы ең үлкен университеттің бірі. Шетелдік студенттері көп оқу орны. 5500-ге жуық студент болса, соның 2000-ы шетелден келген азаматтар. Сіздерді осынау Студенттер үйі ашылған қуанышты күнмен шын жүректен құттықтаймын",- деді Ғабидолла Әбдірахымов. 
Шымкентте «Студенттер үйі» ашылды

Жатақхана заманауи талаптарға сай, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Кітапханасы мен оқу залы, демалыс бөлмесі, медицинилық пункт бөлмесі, ас бөлмесі де бар. 
Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда Шымкентте 11 жоғары оқу орны, 37 колледж бар. Онда барлығы 123 мың студент оқиды. 

Шымкентте «Студенттер үйі» ашылды

"Қаламызда студенттерге арналған 39 жатақхана бар. Сол жатақханаларда 7600 студент тұрады. Министрлік өкілдерімен бірге ревизия жасағанымызда, тағы 8400 орындық жатақхана қажет екенін анықтадық. Шымкенттегі жатақхана орнының қажеттілігін жою бойынша жұмыстар атқарып жатырмыз. Мәселен, әкімдік тарапынан «Тұран» шағын ауданынан 8 гектар жер учаскесі белгіленіп, «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының инвестициясы есебінен 5000 орындық жатақхана салынады. «Отау СТРОЙ» компаниясымен бірлесіп, бұл жұмысқа кірістік. Жеке кәсіпкерлер арқылы 200 және 350 орындықты жатақхана салу үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамымен келісім-шарт түзіліп, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Әкімдік 2021 жылдың соңына дейін студенттерді 100% жатақханамен қамтуды көздеп отыр. Соған дейін Шымкентте 8000 орынға жететін жатақхана салынады. Көбі келер жылы бітеді. 5000 орынға арналған жатақханы біз саламыз. Қалған 3000 орындығын университеттер, кәсіпкерлер тұрғызады. Міне, соның бір айқын мысалы, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті өз қаржысына салынып, пайдалануға беріп отырған Студенттер үйі болып отыр", - деді Ғабидолла Әбдірахымов. 

Шымкентте «Студенттер үйі» ашылды

Шымкенттегі Студенттер үйінің ашылуына арнайы келген ҚР Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығының» президенті Асқар Ибраимов Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында студенттер жатақханасын салу ісіне белсене қатысып жатқан Шымкент әкімдігі мен ОҚМПУ басшылығына алғыс айтты. 

Шымкентте «Студенттер үйі» ашылды

"Қымбатты жастар, бүгін біз үшін ерекше күн. Елбасының бастамасының арқасында жаңа жатақхананы ашып жатырмыз. Осы қуанышпен бәріңізді құттықтаймын. Елбасының былтыр жариялаған «Бес әлеуметтік бастама» үндеуіне сәйкес, елімізде көптеген игі істер атқарылуда. Соның бірі – студенттер жатақханасын салу. Біздің алға қойған тапсырмамыз – алдағы төрт жылда кемі 75 мың орынға арналған студенттер жатақханасын салу. Осы тапсырманың орындалуы Шымкент қаласынан басталғанына да қуаныштымын. Осы үшін де рахмет айтамын. Бәріңізді құттықтаймын",- деді Асқар Ибраимов. 

Жаңа ашылған Студенттер үйіне ОҚМПУ-дің филология факультеті студенттері орналасады. Аталған факультеттің 3 курс студенті Айғаным Амангелді де Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында студенттерге қолдаудың еселеніп жатқанына жеткізді. 
Шымкентте «Студенттер үйі» ашылды

-"Асау арманымыздың ақиқатқа айналғанын студенттер атынан сіздерге жеткізгіміз келеді. Осыдан 4 жыл бұрын университемізде жүздеген студенттің арманына айналған таңдануға тұрарлық 12 қабатты Студенттер үйі бой көтерген еді. Сол студенттер үйі талай жастың жоғары деңгейде дамуына сеп болып келді. Енді міне бүгін де Елбасымыздың «Бес әлеуметтік бастамасы» үндеуі аясында тағы бір Студенттер үйі ашылды. Елбасының тапсырмасын шұғыл түрде атқаруға кіріскен студенттер қамқоршысы әрі қара шаңырақ университетіміздің қасиетін бойына сіңірген Оңалбай Аяшұлының тынымсыз еңбегінің арқасында қуанышымыз еселене түсуде. Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» жастарды одан әрі қанаттандырады",- деді Айғаным Амангелді. 

Шымкентте «Студенттер үйі» ашылды

Айта кетсек, өткен жылдың 5 наурызында Елбасының Бес әлеуметтік бастамасы атты үндеуі шықты. Сол үндеудің үшінші бастамасында: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» туралы айтылған. Елбасы сол үндеуінде 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырған болатын. 


Өзгелердің жаңалығы