Шымкентте Нұрсұлтан Назарбаев есімімен аталатын көше мәлім болды

20 Наурыз 2019, 18:45
4811
Бөлісу:
Шымкентте Нұрсұлтан Назарбаев есімімен аталатын көше мәлім болды
PHOTO
Фото: автордан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қаласындағы Астана даңғылына Нұрсұлтан Назарбаев есімі беріледі. Бұл туралы алтыншы шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс 46-сессиясында белгілі болды.

Сессияда қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Шымкенттегі Астана даңғылын Нұрсұлтан Назарбаев есімімен атауды ұсынды. 
Шымкентте Нұрсұлтан Назарбаев есімімен аталатын көше мәлім болды

«Мемлекетіміздің іргетасын қалаушы, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің салиқалы басшылығымен тәуелсіздік туын биікке көтерді. Ата заңымызды, рәміздерімізді, шекарамызды және рухани құндылықтарымызды қастерлей отырып мемлекетіміздің абыройын асқақтату жолында тарихи бастамаларды жүзеге асырды. Егемендігіміздің негізін қалаушы Тұңғыш Президентіміз – барша қазақстандықтар мойындаған және халықаралық қоғамдастық тарапынан құрметке ие болған ұлы тұлға», - деп атап өтті Ғабидолла Әбдірахымов.

Шымкентте Нұрсұлтан Назарбаев есімімен аталатын көше мәлім болды

Қала басшысы Елбасының есімін осылай ұлықтау асқан мәртебе және қуаныш екенін атап өтті.

«Осыған байланысты Астана даңғылы атауын Нұрсұлтан Назарбаев даңғылына өзгерту ұсынысын қолдауларыңызды сұраймын», - деді ол.

Халық қалаулылары қала басшысының бұл ұсынысын бірауыздан қолдады. Осылайша, қаланың әкімшілік-іскерлік орталығы орналасқан Астана даңғылын еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен атау туралы құжат Республикалық ономастика комиссиясына жіберілді.

Шымкентте Нұрсұлтан Назарбаев есімімен аталатын көше мәлім болды

«Бұл – Шымкент қаласының жаңа бөлігінің орталық даңғылы. Бұл даңғыл Дендросаябаққа алып барады. Даңғыл бойында Шымкент қаласының әкімшілік-іскерлік орталығы орналасқан. Мұны өте дұрыс шешім деп санаймын», - деді Ғабидолла Әбдірахымов.

Шымкентте Нұрсұлтан Назарбаев есімімен аталатын көше мәлім болды

Айта кетейік, бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев облыстық қалалардың орталық көшелеріне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы ұсыныс айтқан болатын.

«Біз, қазіргі және келешек ұрпақ өкілдері, Елбасының саяси мұрасын жадымыздан шығармай, қадір тұтып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи еңбегіне лайықты құрмет көрсетуіміз қажет. Елбасының халқымызға және әлем қауымдастығына сіңірген ерен еңбегі мен ұлы есімін мәңгі есте сақтауымыз керек. Елордамызға біздің президентіміздің есімі беріліп, Нұрсұлтан деп аталуы тиіс. Бұндай ұсыныс бұрын да парламентарий, парламент депутаттары тарапынан айтылғанын атап өткім келеді. Сонымен қатар елордамызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа монумент орнатып, барлық облыстық қалалардың орталық көшелеріне Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев есімін беруді ұсынамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салсақ, өткен 2018 жылдың 10 қаңтарында сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс он тоғызыншы сессиясы өтті. Жиынның күн тәртібінде 6 мәселе қаралды. Сол сессияда баяндама жасаған облыстық мәслихаттың мемлекеттік-құқық мәселелері және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов облыстың әкімшілік-іскерлік орталығы орналасқан Астана даңғылын еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен атауды ұсынды. Халық қалаулысының бұл ұсынысын мәслихат депутаттары бірауыздан қолдаған.

Өзгелердің жаңалығы