Шымкент әкімі үшінші мегаполисті дамытудың 2023 жылға дейінгі жоспарын таныстырды

9 Шілде 2019, 09:59
2814
Бөлісу:
Шымкент әкімі үшінші мегаполисті дамытудың 2023 жылға дейінгі жоспарын таныстырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкімет отырысында Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 2023 жылға дейін шаһарды дамытудың кешенді жоспарын таныстырды.

"Шымкент қаласын 2023 жылға дейін кешенді дамыту жоспары Елбасымыздың 2019 жылғы 29 қыркүйектегі Шымкент қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытуға қатысты кеңесте берген тапсырмасына сәйкес әзірленді. Кешенді жоспар қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті орталық мемлекеттік органдармен келісіліп, 2019 жылдың 29 сәуірінде Республикалық бюджеттік комиссия отырысында қолдау тапты. Жоспар 10 бағыттан және 89 жобадан тұрады. Бюджетке жүктемені азайту үшін жеке инвестицияларға және мемлекеттік-жекешелік жобаларға басымдық берілді. Атап айтқанда, кешенді жоспарды іске асыруға 1 трлн 284 млрд теңге қажет болса, оның 836 млрд теңгесі немесе 65% жеке инвесторлар есебінен жүзеге асырылады", - дейді Ғабидолла Әбдірахымов.

Оның айтуынша, республикалық бюджет есебінен 299 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 81 млрд теңге және 68 млрд теңге мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы қамтылмақ.

"Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту бағытында 30 жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде, 2023 жылы ауызсумен қамту 93-тен 98%-ға, кәріз жүйелері 49-дан 75%-ға, сапалы электр желісімен 91-ден 96%-ға, газбен қамту 92-ден 98%-ға жетеді. Көлік инфрақұрылымын дамыту үшін 11 жобаны жүзеге асырамыз", - дейді қала әкімі.

Үшінші мегаполис басшысының сөзіне қарағанда қалада бірнеше айналмалы жол, әуежайға жаңа терминал салынады. Ескі вокзал жөндеуден өтеді.

Өзгелердің жаңалығы