Шығысқазақстандық кәсіпкерлер жауынгерлерді азық-түлікпен қамтамасыз етті

11 Қаңтар 2022, 09:30
1054
Бөлісу:
Шығысқазақстандық кәсіпкерлер жауынгерлерді азық-түлікпен қамтамасыз етті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жергілікті кәсіпкерлер қоғамдық тәртіпті күзеткен жауынгерлерді азық-түлікпен қамтамасыз етіп жатыр.

Басқа облыстар сияқты шығысқазақстандық күш құрылымдары да қоғамдық тәртіпті күндіз-түні көз ілмей күзетуде. Облыс шекараларына қойылған блок-бекеттерде әскерилер қызметтерін жалғастыруда. Осы ретте оларды қолдау қажеттігін жөн көрген жергілікті кәсіпкерлер әскерилерге ыстық тамақ, сүт, су және басқа да азық-түлік өнімдерін жеткізіп берді.

Күш құрылымдарының қызметкерлері күндіз-түні қоғам тыныштығын күзетуде. Сондықтан біз оларды осылайша қолдап, өз алғыстарымызды білдіргіміз келеді. Өстіп қарапайым жұртшылықтың да қалағанының бірлік екенін әрі бейбіт өмірге тезірек оралуды асыға күтетінін білдірдік, – дейді «Май дақылдары тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-ның директоры Фарид Абитаев. 

Құқық қорғау органдарының, өрт сөндіру бөлімшелерінің, медицина қызметкерлерінің жаппай тәртіпсіздіктің одан әрі ушығып кетпеуі жолындағы жұмыстарына сүт өнімдерін өндіретін кәсіпкерлер мен басқа да бизнесмендер алғыс білдірді.

Біздің аспаздарымыз күш құрылымдары қызметкерлеріне арнап ыстық тамақ әзірледі. Бұл осындай қиын-қыстау кезеңде біздің тарапымыздан болған аз ғана қолдауымыз болсын. Қазақстан халқын түгелдей бір болуға шақырамын. Тәулік бой қоғам тыныштығын күзеткен азаматтарымызды қолдаймыз. Біз келісім мен бейбітшілікте өмір сүруді қалаймыз, – дейді Нина Рених есімді кәсіпкер. 

Құқық қорғау органдарын облыстық «Халифа Алтай» мешітінің еріктілері мен көпбалалы аналар да қолдады. 

Қоса кетсек, қазіргі уақытта облыста жағдай тұрақталып, өңір тұрғындары азық-түлік тауарларымен кедергісіз қамтылуда. Барлық ірі кәсіпорын, дүкен, дәріхана мен медициналық мекеме коменданттық сағат режимін сақтай отырып жұмыс істеп жатыр. Коммуналдық қызмет пен әлеуметтік нысандар, қоғамдық көліктер штаттық режимде жұмыстарын жалғастырып жатыр. 

Өзгелердің жаңалығы