ШҚО ғалымдары төтенше жағдайлардың алдын алуға атсалыспақ

12 Мамыр 2019, 16:45
4586
Бөлісу:
ШҚО ғалымдары төтенше жағдайлардың алдын алуға атсалыспақ

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өңір көктемгі су тасқыны жиі орын алатын аумақ болғандықтан жергілікті ғалымдар жерасты суларының көтеліуіне қарсы тұратын қауқар көрсетпек. Бұл жөнінде Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ жанындағы Бақылау кеңесі отырысында белгілі болды.

«Біз қазіргі уақытта бірқатар бастамашыл жобаларды қолға алып отырмыз. Солардың бірі төнтенше жағдайлар саласына қатысты. Наурыз айында Бесқарағай ауданы әкімдігінің шақыртуымен біздің қызметкерлер Бесқарағай ауылының маңындағы жерасты суларының көтерілуі барысын зерделеп қайтқан болатын. Тектоникалық жарық арқылы ауыл маңындағы көлдер жерасты суларымен толып елді мекенге қауіп төнген еді. Біздің мамандар жергілікті әкімдік қызметкерлеріне ауыл маңындағы ойпат жерді анықтап, артық суды сонда ағызу жөнінде кеңестер берді», - деді Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік техникалық университетінің ғылыми жұмыс және инновация жөніндегі проректоры Олег Гавриленко.

Жауапты тұлғаның айтуынша, қазіргі уақытта аталмыш аудандағы жолдарды су шайып кету қаупінің төнуіне орай университет мамандары қайтара жұмысқа кіріскен көрінеді. Аталған бағыт бойынша Ресей Федерациясының Н.Э. Бауман атындағы Мәскеу Мемлекеттік техникалық университетінің қолдауымен «Табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде қауіпсіздікті басқару» білім-инновациялық бағдарламасы іске қосылды.

«Үлкен шұңқыр қазып, оған үш-төрт канал тарту қажет. Университет қызметкерлері өз тарапынан ол қазаншұңқырды қай жерде орналастыру керектігін анықтап берсе, біз өз тарапымыздан жұмыстарды ұйымдастырамыз», - деді бастамашы жобалар барысымен танысқан ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Естеріңізде болса, біз бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар қызметі тасқын судың алдын алуда гидрограф ғалымдардың көмегін пайдалана бастағаны жөнінде хабарлаған едік. Ол кезде Бесқарағай ауылының маңындағы жер бедері жіті зерделеніп, елді мекеннен бір шақырым қашықтықта орналасқан 15 сантиметрлік ойпат белгіленген болатын. Ойпатқа жақын Куликово көлінен экскаватормен траншеялар қазылып, артық су ағызылды. Гидрографмамандардың зерттеулер жүргізіп жатқанын, зерттеу нәтижесі бойынша қорытынды жасалып, жерасты суларымен қалай күресу керектігі анық болатынын, аталмыш зерттеулер нәтижесінде құзырлы органдар тұрғын үйлерді қауіпті аумақтан көшірудің, я болмаса өзен арнасын басқа жаққа бұрудың қажеті бар ма, жоқ па екенін анықтайтынын, сондай-ақ жергілікті билік осының негізінде тұрғын үйді көшірудің немесе өзен арнасын бұрудың тиімді екенін саралайтынын ШҚО Жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Елдос Чикенов айтқан еді. 

Бесқарағай ауылына қауіп төндірген қар суы емес, жерасты сулары екенін айтқан ол облыс орталығынан келген мамандар жарты жылдықтың соңына қарай сәйкес қорытынды шығарып, құзырлы ведомстволар қолына нақты әрекеттер алгоритмі жазылған ғылыми зерттеуді ұсынбақ екенін тілге тиек еткен болатын.

Өзгелердің жаңалығы