ШҚО-да алғашқы облыстық кибертурнир өткізілді

5 Маусым 2019, 10:17
3488
Бөлісу:
ШҚО-да алғашқы облыстық кибертурнир өткізілді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік техникалық университетінің базасында ұйымдастырылған І-ші облыстық кибертурнирге өңірдегі барлық орта кәсіптік және жоғары оқу орындарының командалары қатысты.

«Офлайн режимінде өткізілген кибертурнирде Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың жоғары ІТ колледжінен, Өскемен экономика және қаржы колледжінен «Альянс», Өскемен құрылыс коледжінен «GoT» (Game of Thrones), Өскемен политехникалық коледжінен «Tau e-Sports», «К-16», Қазақстан-Американдық Еркін университетінен «PowerFlexers», ШҚМТУ-дан «Infinity», С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дан «Thunder» сияқты 8 команда бақ сынасты. «Counter-Strike 1.6» киберспорт бағыты бойынша ашық турнирді өткізудегі негізгі мақсат - білім беру мекемелері арасындағы байланысты нығайту, жастардың бос уақытын қызықты өткізу, заманауи ақпараттық технологиялардың танымалдылығын арттыру, жастарды қызығушылықтары бойынша біріктіру, олардың қоғамға бой үйретуі, командалық, көмек көрсету, тосын жағдайларға дайын болу дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ киберспортпен қызығатын жастарды ІТ технологиялармен байланысты мамандықтарға тарту», - деді Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-ға қарасты ІТ орталықтың бас инженері Руслан Четтікбаев.

Аталмыш университеттің бірінші проректоры Сәуле Рахметуллинаның айтуынша, бүгінгі таңда киберспорт әлемнің көптеген елдерінде спорттың ресми түрі ретінде танылған екен.

«Спорттың бұл бағытын дамытушы ірі компаниялар өкілдерінің айтуынша, бұл спорт бір жағынан қызығушылықты арттырып, көңіл-күйді көтерудің бір түрі болса, екінші жағынан болашағы бар бизнес бағыт көрінеді. Мысалы, өткен жылы барлық жеңіске жеткен турнирлердегі жүлде қоры 150 миллион АҚШ долларын құраған. Қазақтанның бұл саладағы нарығы да жедел дамып келеді. Бұл бағытта, сондай-ақ ІТ білім беруде де біздің университет алғашқы қадамдарын жасауда», - деп қосты Сәуле Рахметуллина.

Екі кезеңде өткізілген турнир барысында бірінші орын Өскемен политехникалық колледжінің «К-16» командасына бұйырса, жүлделі 2 және 3 орындарды аталған колледждің «Tau e-Sports» және ҚазақстанАмерикандық Еркін университеті мен Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың «Infinity» командалары өзара бөлісті.

Өзгелердің жаңалығы