ШҚО-да алғаш рет жүрекке аса күрделі ота жасалды

18 Қазан 2021, 21:35
34142
Бөлісу:
ШҚО-да алғаш рет жүрекке аса күрделі ота жасалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Замануи әрі қымбат ота құны шамамен 7 млн теңгені құрайды. Алайда, бұл пациенттің қалтасына еш салмақ түсірген жоқ. Себебі ота Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасының кардиология бөлімінде МӘМС аясында жасалды. 

Аталмыш операцияның тағы бір ерекшілігі, бұрын орнатылған митральді клапанның ақаулығынан жаңасын ескісінің үстіне орнату, яғни «клапанға клапан салу» жүйесі бойынша іске асырылды, мұндай жоғары технологиялы отаның түрі елімізде облыстық ауруханалардың деңгейінде алғаш рет орындалып отыр. Бұған дейін бұл күрделі шаруаны тек астанадағы Ұлттық ғылыми кардиорталық мамандары ғана жүзеге асырып келген. 

68 жасар облыс тұрғынына 2014 жылы жүрегіне протездеу жасатып биоклапанды салдырған екен, биыл оның үстіне науқасқа екі камералы электрокардиореттегіш орнатылыпты. Биологиялық клапан жылдар өте дисфункцияға ұшыраған. Дәрігерлер бұл жолғы отаның пациент үшін аса қауіпті екендігін білген. Алайда,  облыстық аурухананың хирургтері Қуатжан Әбішев пен Руслан Сәлімов тәуекелге бел бұған. Астаналық әріптестерінің көмегіне жүгіне отырып жоғары технологиялы ота түрін жүзеге асырды. 

Жаңа клапанды транскатетерлі, яки, еш тіліксіз, жүректі тоқтатпай, қан айналымен жасанды түрде жүргізбей, санның тұсынан тілік жасап, ескі клапанның үстіне жаңасын импланттадық, соның арқасында жүректің жұмысын жөндедік. Бұл барынша азинвазивті ота, та сәтті өтті, пациент екі-үш күннен кейін үйіне оралды. Кардиорталықтан арнайы келген әріптестерімізге алғыс айтамыз, - деп бөлісті ШҚ облыстық ауруханасы кардиохирургы Қуатжан Әбішев. 

Сайып келгенде, алдағы уақытта дәл осындай оталардың сұранысқа ие болатындығын алға тартады мамандар. Өйткені соңғы он жыл ішінде биологиялық протездерді жүрекке орнату жөнінен оталар көптеп жасалуда, ал олардың уақыт өтекеле тозатыны белгілі. Жаңадан игерілген жоғарытехнологиялы ота түрі шығысқазақстандықтар үшін ддәл осы қызмет түрін қолжетімді етуге септігін тигізері анық. 

Өңірлеріңізде интервенциялық кардиохирургияның дамып келе жатқанын көрдік. Өз ісін білетін жетік мамандар, ота жасауға арналған қажетті құрал-жабдықтар да бар екен ауруханаларыңызда. Бұл өте қуантарлық жайт. Және біздің тәжірибемізде бұл ота түрі аса күрделі түрі болып есептеледі. Жаңа технологияларды бағындыруға бет алған өскемендік әріптестерме сәттілік тілеймін, — дейді Ұлттық ғылыми кардиорталықтың  интервенциялық кардиология бөлімі басшысы Серік Әлімбаев. 

Бұл ретте, ШҚО ӘМСҚ филиалы басшысы Ғалымжан Әбіловтың айтуынша, жоғары технологияларды қолдана отыра орындалатын қызметтер сақтандыру қорымен қаржыландырады.

Өзгелердің жаңалығы