Бас жаңалықтар
Биыл Шығыс Қазақстанға шетелдік 63 оқытушы шақырылмақ
04 Маусым 2019, 11:46 403

Биыл Шығыс Қазақстанға шетелдік 63 оқытушы шақырылмақ

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-ға шетелдік 63 оқытушыны шақыру жоспарланған. Бұл жөнінде ағылшын дәстүріндегі Five o’clock Tea шай ішу дәстүрі барысында аталмыш университеттің интернационализация жөніндегі проректорының міндетін атқарушы Абрахам Атта Огву хабарлады.

«Біздің университет металлургия және материалтану жағынан шетелдік оқытушылар мен студенттер үшін өте тартымды. Биыл жылдың әр кезеңінде келіп түрлі мамандықтар бойынша дәріс беретін 63 шетелдік оқытушыны шақыруды жоспарлап отырмыз. Аталған адамдар университеттің ғылыми жобаларына қатысатын болады. Мысалы бізге Францияның Тулуза университетінен белгілі профессор Мартин Стрекер келді. Доктор Стрекер компьютер ғылымдары мен жасанды сана саласының маманы болып келеді. Ол біздің университетте дәріс оқып, екі семинар өткізеді», - деді профессор Абрахам Атта Огву.

Оның айтуынша шетелдік маманның Шығыс Қазақстанға келіп-кетудегі қаржылай шығынын еліміздің Білім және ғылым министрлігі шетелдік оқытушыларды шақыру бағдарламасы бойынша қаржыландыратын көрінеді.

«Одан біздің студенттердің қандай екенін сұрадым. Ол қазақстандық студенттердің франциялықтардан еш айырмашылығы жоқ екенін айтады. Егер біз өзіміздің оқу орнынан оған тұрақты жұмыс берсек, ол қалуға да қарсы емес. Шетелдік оқытушылармен қатар шетелдік студенттредің де бізде білім алғаны өте маңызды. Бізде оқып шыққан олар университетімізді бүкіл әлемге паш ететін адамдарға айналатыны сөзсіз. Не себепті олар бізді таңдайды? Өйткені біздегі білім сапасы Еуропалық университетерден кем емес. Шетелдік студенттер сапалы білімді қаражатын үнемдей отырып, бізден ала алады. Еуропалық университеттердегі орташа білім алу бағасы бізден 4-5 есеге жоғары», - деп қосты маман.

Қоса кетсек, профессор Абрахам Атта Огву аталған университетте интернационализация жөніндегі проректордың міндетін атқарып келе жатқанынан үш айдың жүзі болды. Ұлыбритания азаматы болып келетін профессор халықаралық білім беру жүйесінің майталманы. Британия Физика институтының мүшесі болып саналатын ол 2007-2011 жылдары аралығында институттың сайлау комиссиясының құрамында болған.



Фото: автордан

Сізден жаңалық