Бас жаңалықтар
ҰҚК. Шекарашылар қатарында 317 офицер, 4 полковник әйел бар
11 Наурыз 2019, 15:16 988

ҰҚК. Шекарашылар қатарында 317 офицер, 4 полковник әйел бар

Астана, BAQ.KZ. ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Орталық аппаратында Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында шекарашы арулардың құрметіне салтанатты жиналыс және мерекелік концерт өтті.

Ғаламтордағы ашық дереккөздерге сенсек, Швейцария, Польша, Түркия т.б. еуропа мен азия мемлекеттерінің бүкіл әскерлеріндегі әйелдердің саны мың, мыңжарым, әрі кетсе екі мыңның о-жақ бұ-жағында ғана екен. Ал біздің елімізде Шекара қызметінің сапында ғана ерлермен қатар 2415 әйел қызмет атқарып жүр.

Олардың 2098-і келісімшартты әскери қызметші, 317-сі офицер, солардың ішінде 4 полковник әйел бар.

Шекара қызметінің барлық ауыртпалығын ерлермен тең көтеріп жүрген аруларды ҚР ҰҚК Төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің Директоры генерал-майор Д. Ділманов құттықтап, жүрекжарды тілектерін жеткізді. Мұнан соң мінбеге запастағы генерал-майор Қ.И. Берқалиев көтерілді. 

«Застава тарландары» қоғамдық ардагерлер ұйымының төрағасы, егемендіктің елең-алаңында, жаппай кадрлық жетіспеушілік етек алған кезде әйелдердің иығына ел шекарасын күзетуде бүгінгіден әлденеше есе ауыр, зіл-батпан жүк түскен кездердің де болғанын толғаныспен еске алып өтті. 

Жиналыстың соңында жиналғандарды ҚР ҰҚК Шекара қызметі Орталық ән-би ансамблі және Астана қаласының балалар үйінің өнерпаздары мерекелік жаңа бағдарламасымен тәнті етті.

Сізден жаңалық