Бас жаңалықтар
ШҚО-да егіс егуді оңтайландыратын шаруагер планшеті жасақталады
10 Мамыр 2019, 17:09 643

ШҚО-да егіс егуді оңтайландыратын шаруагер планшеті жасақталады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанда дәнді-дақыл егуді кәсіп еткен шаруагерлердің жұмысын оңтайландыруға арналан «Нақты жер өңдеудегі ІТ технологиялар» жобасы жүзеге асырылуда.

Жоба Өскемен қаласындағы Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ базасында жүзеге асырылуда. Бұл жөнінде жобаларды таныстыру бойынша ұйымдастырылған көрме барысында аталмыш жоғары оқу орнының Геодезия, жер пайдалану және кадастар кафедрасы меңгерушісі, PhD докторы Маржан Рахымбердина хабарлады.

«Бүгінгі таңда біз топырақ қабатының үлгісін алатын 1000S маркалы пробоот құрылғысын сатып алдық. Ол 30 сантиметрге дейінгі топырақ қабатын шығаратын гидравликалық құрылғымен қамтамасыз етілген. Аталған жоба іске асырылған уақытта алқаптардың электронды картасы, егіс айналымы, ауа райы, шығыстар экономиясы, оның талдамасы, топырақ қабаты туралы ақпараттар мен жерсеріктік фототүсірілімдері енгізілген шаруагер планшеті жасақталады», - деді Маржан Есенбекқызы.

Жауапты тұлғаның айтуынша, топырақ қабатының үлгісі бірден зертханалық талдаудан өтіп, шаруагердің қолына дайын талдау қорытындылары берілетін көрінеді. «Опытное хозяйство масличных культур» ЖШС, «КХ Багратион ВВГ» ЖШС, А.И.Барев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы және облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы қолдау көрсетіп отырған жоба бойынша жоғары оқу орнының базасында бакалавриат пен магистратура бөлімдерінде «Нақты жер өңдеу» бойынша кадрлар дайындау қолға алынған.

«Жобаның негізгі мақсаты нәтижені бірден шаруагердің қолына тапсыру болуы керек. Топырақ үлгісі алынған соң арнайы бағдарламамен оны зерделеп шаруагерге нақты нәтижені табыстау қажет. Ол бірнеше күн қатарынан зертхана қорытындысын күтпеу керек. Мысалы міне топырақ үлгісі делік: оған осынша мөлшерде калилі немесе натрилі тыңайтқыш қосу қажет, топыраққа қажетті ылғалдылық қанша мөлшерде керек екенін, тіпті әр гектарға қанша келі тыңайтқыш шашу керектігіне дейін дайын етіп берген жөн. Қарапайым шаруагер бұл нәрселерді анықтауға басын қатырмағаны дұрыс», - деді жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысқан облыс әкімі Даниал Ахметов.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...

Сізден жаңалық