Бас жаңалықтар
Шахматтан Қазақстан чемпиондары анықталды
21 Қаңтар 2020, 15:32 243

Шахматтан Қазақстан чемпиондары анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда классикалық шахматтан 18 жасқа дейінгі жастар арасындағы Қазақстан Чемпионаты өтті. 


Классика бойынша үлкен жастағы санатта алматылық Рамазан Жалмаханов пен қызылордалық Әсел Серікбай жеңіске жетті. Олар ақшалай сыйлықтан басқа, 2020 жылы әлем чемпионатына да жолдама алды, деп хабарлайды Қазақстан шахмат федерациясы.

16 жасқа дейінгі категорияда Қазыбек Нөгербек пен Ксения Балабаева шахматтың бірден үш түрінен жеңіске жетіп, турнирдің абсолютті чемпионы атанды.

14 жасқа дейінгілер арасында Алдияр Аңсат пен Алуа Нұрманова үздік атанды. 12 жасқа дейінгі категорияда Алдияр Аңсат пен Зарина Нұрғалиеваға ешкім тең келмеді. Эдгар Мамедов пен Елназ Қалиахмет 10 жасқа дейінгі категорияда жеңіске жетті. Әлішер Абдсаттар мен Ханзада Аманжол 8 жасқа дейінгілер арасында үздік атанды және олар енді еліміз атынан әлем кубогына қатысады. 6 жасқа дейінгі категорияда Эльсид Эльмурзиев пен Жансая Шолпанбек алтын жүлдеге ие болды.
Биыл Қазақстан Чемпионатына қатысқан жас шахматшылардың саны рекорд көрсетті. Чемпион атағы үшін барлығы 872 спортшы таласты. Ерекше қуантатын жайт, осындай жарыстар арқылы шахмат спортында жаңа есімдер пайда болуда. Осыған қоса, міне, 3 жылдан бері республикалық біріншілікке 6 жасқа дейінгі балалар да қатысып келеді. Басында бұл эксперимент ретінде жоспарланған еді, ал қазір бар үмітімізді ақтады,  – дейді Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Ирина Грищенко. 

Республика деңгейіндегі чемпионатқа 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар еліміздің әр аймағынан келіп қатысты. 7 жас категориясы бойынша сынға түскен шахматшылар сайыстың ресми жүлде қоры 2 млн теңге үшін де бақ сынады. Классика бойынша алтын және күміс медаль иегерлері 2020 жылғы Әлем және Азия чемпионатына жолдама алды.

Фото: дереккөз
Загрузка...