Үш облыстың жас дәрігерлері аймақтық форумда бас қосты

20 Сәуір 2019, 14:33
2527
Бөлісу:
Үш облыстың жас дәрігерлері аймақтық форумда бас қосты
Фото: автордан

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Денсаулық сақтау қызметкерлерінің «Senim» кәсіподақ ұйымынан жас мамандарды қолдауға 160 млн теңге бөлінді. Бұл туралы Қостанайда өткен аймақтық жас медицина мамандарының форумында ұйымның төрағасы Сапарбек Дүйсенов айтты.

Үш облыстың жас дәрігерлері аймақтық форумда бас қосты

Оның айтуынша, бөлінген қаржының 40 млн теңгесі көтерме ақы ретінде 80 дәрігерге берілсе, 120 млн теңге «7-20-25» бағдарламасы арқылы тұрғын үй алу үшін бастапқы жарна ретінде үлестірілген. «Бұл Жастар жылында ғана болатын акция емес, мұндай қайырымдылық шаралары жыл сайын өткізіліп тұрады», – деді Сапарбек Дүйсенов.

Денсаулық сақтау саласындағы жас мамандардың аймақтық форумына Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының медицина қызметкерлері жиналды. Бұл форум – Жастар жылы аясында ұйымдастырылған кезекті шаралардың бірі.

Үш облыстың жас дәрігерлері аймақтық форумда бас қосты

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев өңірде медицина саласында кадр тапшылығы барын айта келіп, жастарды ынталандыруға көп көңіл бөлініп отырғанын тілге тиек етті.

«2018 жылы аймағымызға 101 жас дәрігер келді. Оның ішінде 70-і қалаға жұмысқа орналасса, ауылдарға 31 маман барды. Барлығына көтерме ақы беріліп, тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, былтыр жүз адамды еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарында медицина мамандығына оқыту жұмыстары басталды. Осы жылы 200 млн теңгеден астам қаржы көтерме ақыға бөлініп отыр», - деді Марат Жүндібаев.

Үш облыстың жас дәрігерлері аймақтық форумда бас қосты

Бірқатар жас мамандарға облыс әкімінің мадақтамалары мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Марапатталғандар қатарында Қостанай облыстық туберкулезге қарсы диспансері Затоболдағы бөлімшесінің фтизиатры Светлана Амельченко да болды.

«Жастар жылы аясында жас мамандарды тартуға ерекше назар аударылуда. Денсаулық сақтау саласы кадрларының мәртебесін көтеру бағытында жасалып жатқан жұмыстар қуантады. Бүгінгі шара – соның куәсі», - дейді жас дәрігер.

Жас мамандар форум соңында естелік суреттерге түсіп, концерттік бағдарлама тамашалады.

Өзгелердің жаңалығы