ШҚО-да коммуналдық қызмет ақысының арзандатылған бағасы белгілі болды

15 Ақпан 2019, 09:12
1587
Бөлісу:
ШҚО-да коммуналдық қызмет ақысының арзандатылған бағасы белгілі болды

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Биыл 1 қаңтардан бастап коммуналдық төлемдердің барлық түрі арзандады. Осының нәтижесінде шығысқазақстандықтардың қалтасындағы қаржысы 2,5 миллиард теңгеге үнемделмек. Бұл жөнінде ШҚ Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында айтылды.

«Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, қызмет көрсетуші кәсіпорындарға түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Шара барысында біз оларға коммуналдық төлемдерді ішкі резервтер есебінен төмендету қажеттігін ескерттік. Бұл әдіс өз нәтижесін беріп, қызмет көрсетуші кәсіпорындар жыл басынан бері тариф бағасын көтерген жоқ», - деді ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Департаментінің директоры Қайрат Оразбаев.

Осылайша, «Өскемен жылу жүйелері» АҚ өз қызметін 5,6 пайызға арзандатты.

ШҚО-да коммуналдық қызмет ақысының арзандатылған бағасы белгілі болды

«Бұдан былай жалпы аумағы 30 шаршы метр болатын бір бөлмелі пәтерде тұратын әрі жылу есептегіш құрылғылары орнатылмаған тұрғындар жылу үшін ақыны ай сайын 127 теңгеге, ал ыстық су үшін 42 теңгеге арзан төлемек. Аумағы 50 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерде тұратын тұрғындар егер жылу есептегіш құрылғылары болмаса жылу үшін ай сайынғы ақыны 212 теңгеге, ыстық су үшін 84 теңгеге, ал 65 шаршы метрлік үш бөлмелі пәтердің тұрғындары жылу ақысын 275 теңге, ал ыстық су үшін 126 теңгеге арзан төлейтін болады. Осылайша, бір жыл ішінде бір бөлмелі пәтер иелері жылу ақысынан 2040 теңге, екі бөлмелі пәтер иелері 3600 теңге, ал үш бөлмелі пәтер иелері 4800 теңге үнемдемек», - деді «Жылу жүйелері» АҚ қаржы директоры Алла Фатеева.

Есептегіш құрылғыларды орнатуға техникалық мүмкіндігі жоқ үйлердегі бір бөлмелі пәтер иелері жылына 1 680 теңге, екі бөлмелі пәтер иелері 2 880 теңге, ал үш бөлмелі пәтер иелері 4 020 теңге үнемдемек.

Баспасөз мәслихаты барысында «Өскемен Водоканал» КМК өкілі өз тарифтерін 5 пайызға төмендеткендерін, осының арқасында сумен қамту және кәріз жүйелері үшін тұрғындар жылына 768 теңге үнемдейтінін хабарлады. Сондай-ақ, «Шығысэнерготрейд» ЖШС-ің де электр энергиясын тұрмыстық қолданушылар үшін 6,5 пайызға төмендеткені белгілі болды.

4 наурыз күні Өскемен қаласында тұтынушылармен кездесу ұйымдастырылатынын алға тартқан Қайрат Оразбаев әр тұрғынның келіп коммуналдық төлемдер бойынша мазалаған сұрақтарын қоя алатынын хабарлады.

 

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Фото: автор

Өзгелердің жаңалығы