ШҚО-да 300 дәрігер шетелде біліктіліктерін арттыруы тиіс

18 Қаңтар 2019, 21:49
2011
Бөлісу:

Астана, BAQ.KZ. Облыс әкімі Даниал Ахметов Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиологиялық орталықта, Нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтында, Травматология және ортопедия институтында болды. Бұл туралы altaynews.kz сайты хабарлайды.

Аталмыш орталықтардың жетекшілері Ю.Пямен, С.Ақшолақовпен, Н.Батпеновпен кездесіп, облыс клиникаларымен жан-жақты ынтымақтастық орнатуды ұсынды.

Кездесуде соңғы үш жылда облыс әкімдігінің ауруханаларды құрал-жабдықтармен қамтуға 18,8 миллиард теңге бөлгені айтылды. Нәтижесінде былтыр Өскеменде роботты хирургия және трансплантология орталығы, Алтай мен Аягөз қалаларында инсульттық орталықтар, Семейде ортопедия және полижарақаттар орталығы және гибридті операция залы құрылды.

Сондай-ақ өңірде медицина қызметкерлерін ел ішінде, шетелде оқыту бағдарламасы іске асырылуда. 2020 жылға дейін 300 дәрігер біліктілігін арттыруы тиіс. Соңғы екі жылда 153 дәрігер Британия, Германия, Жапония, Польша клиникаларында оқып келді.

Дәрігерлерді оқытуға және ауруханаларды жарақтауға қомақты қаржы бөліп отырған аймақ басшысы астаналық орталықтарға облыстық ауруханалар базасында өз филиалдарын ашуды немесе өзге де серіктестік түрлерін қарастыруды ұсынды. Мұндағы мақсат – облыс клиникаларын елдегі озық орталықтармен жан-жақты кіріктіру, тәжірибе жинақтау, жаңа медициналық әзірлемелерді енгізу, тұтас алғанда, аймақтағы медицина сапасын арттыру. Қуантарлығы, Шығыс Қазақстанның негізгі медициналық орталықтары жабдықталуы жағынан астаналық әріптестерінен кем түспейді.

Елдегі озық орталықтардың басшылары ұсыныстарды қызыға қабыл алып, соңғы жылдары Шығыс Қазақстанмен серіктестік қарқын алып келетінін атап көрсетті. Айталық, кардиохирургия орталығының басқарма төрағасы Ю.Пя мұндай ынтымақтастық өңірдегі медицина сапасына және қолжетімділігіне оң ықпал тигізетінін алға тартты. Нейрохирургия институтының басқарма төрағасы С.Ақшолақов инсульттық орталықтарды ашу жөніндегі жол картасының сәтті іске асырылып жатқанын айтты. Ал ортопедия және травматология институтының директоры Н. Батпенов Семейдегі ортопедия орталығының жоғары деңгейде жабдықталғанын айрықша атап өтті. Өткен жылдың желтоқсанында аталған институттың қызметкерлері облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірге осы орталықта шеберлік сыныптарын ұйымдастырған екен.

Кездесу нәтижесінде Өскеменде қорытынды жиын өткізіп, серіктестік туралы шарттарға қол қою жоспарланды. Аталған шарттардың жобаларын облыстық денсаулық сақтау басқармасы әзірлеп, жан-жақты зерделеуге астаналық орталықтарға ұсынылды.

Өзгелердің жаңалығы