ШҚО-да «Серпін» түлектерін жұмыспен қамтуға арналған шара өтті

15 Мамыр 2019, 19:25
3440
Бөлісу:
ШҚО-да «Серпін» түлектерін жұмыспен қамтуға арналған шара өтті

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да серпіндіктер жергілікті атқарушы органдар өкілдерімен кездесіп, түлектердің жұмыспен қамтылу мәселесін талқылады. 

Кездесуге «Серпін» бағдарламасының түлектері, шақырылған қонақтар мен университет қызметкерлері қатысты. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры Жасұлан Шаймардановтың айтуынша, «Серпін» түлектеріне Шығыс Қазақстанда қалып, жұмысқа орналасу мүмкіндігі көп көрінеді. 

«Оңтүстік өңірлерден қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан материалды көмек көрсетілуде. Қатысушы ерікті түрде көшіп келуге келісім берген жағдайда жылына бір рет отбасына есептелген сома шегінде біржолғы материалдық көмек беріледі. Сонымен қатар бағдарлама аясында әлеуметтік кәсіби бағдар, кәсіп таңдауға көмек көрсету сияқты мемлекеттік қолдау шаралары да қатар көрсетілуде. Әкімдік «Серпін» түлектерін жұмыс үрдісімен етене жақын таныстыру мақсатында «Ашық есік» күндерін ұйымдастырып, селекторлық кеңестерге қатысуға мүмкіндік беруде», - деді облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Ерболат Ошақбаев. 

Техникалық университеттің маман даярлайтын шеберхана екенін алға тартқан Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлы Есембекова өңірдегі көптеген ірі өндіріс ошақтарына мамандардың қажет екенін айтып өтті. ШҚ АЭК АҚ «Алтай аймағы» директоры Ерболат Әлиев аталмыш университет қабырғасынан түлеп ұшқан серпіндіктер ішінен 27 электроэнергетик маманды Глубокое, Шемонаиха аудандары мен Риддер қаласындағы электр жүйелеріне баспанамен қамтамасыз ете отырып қабылдауға әзір екендіктерін білдірді. 

Жұмыспен қамту орталығы мен Шемонаиха ауданының әкімдігі серпіндіктер үшін бір бөлмелі 10 қызметтік пәтерді беруге дайын. Егер ол өзімен бірге отбасын алып келуді қаласа екі немесе үш бөлмелі пәтер табысталуы мүмкін. Келісімшарт уақыты аяқталған соң оның бұл баспананы қалдық сома құнын төлей отырып сатып алуға құқы бар. Риддер қаласы мен Глубокое ауданының әкімдігі де жұмысшының пәтер жалдауға кететін шығын орнын жалақыны үстемелеу арқылы өтемек ниетте. 

«4 жыл бұрын Шымкент қаласынан келген болатынмын. Ақпараттық технологиялар мектебінің түлегімін. Еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірінде білім алғаным мен үшін ерекше абырой. Университет басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамға үлкен алғысымды білдіремін», - деді Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ студенті Елжан Биболов. 

Қоса кетсек, биыл аталған университетті 383 серпіндік тәмамдамақ. Ал бұл шара аталған түлектер легін Шығыс өңірінде қалдыру қадамдарының бірі болды. Шара соңында жоғары оқу орны басшылығының атынан университет өміріне белсене атсалысқан студенттерге арнайы дипломдар табысталды.


Өзгелердің жаңалығы