Бүгін Семей полигонының жабылғанына – 29 жыл

29 Тамыз 2020, 09:01
13390
Бөлісу:
Бүгін Семей полигонының жабылғанына – 29 жыл
EX PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақ еліне жаншошырлық қасірет әкелген ядролық қаруды толықтай жабуға Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1991 жылы 29 тамызда қол қойған «Семей ядролық полигонының жабылуы туралы» Жарлығы негіз болды. 

Осыдан 71 жыл бұрын Семей жері сілкініп сала берді. 1949 жылдың 29 тамызында Кеңес елі Семей өңірінің Абай және Абыралы аудандарында қуаттылығы 30 килотонна болатын алғашқы атом бомбасын жарды. 1947 жылы КСРО Министрлер кеңесінің шешімі бойынша құрылған Семей ядролық полигоны аясында КСРО-да жасалған ядролық қарудың алғашқы сынақтары жүргізілді. Ядролық тәжірибелер үшін Семей, Павлодар және Қарағанды облыстарының аумағынан 18 500 шаршы шақырым жер бөлінген. Қазақ халқының рухани өмірінің маңызды орындары мен орталықтарының бірі саналған, бай флорасы мен фаунасы бар дала кеңістігі ғасырлар бойы түрлі тарихи оқиғалардың куәсі болған еді. 

Ядролық қару сынағы мұнымен тоқтамады. 1951 жылы 18 қазанда уран бомбасы, 1953 жылы 12 тамызда әлемде алғаш рет қуаттылығы 500 килотонна болатын сутегі бомбасы сыналды. 1953 жылғы тамызда термоядро қондырғысының, ал 1955 жылы А.Сахаров жасап шыққан бомба күші іс жүзінде анықталды. Жазушы Медеу Сәрсекенің мәліметінше, «бұл аймақтағы алғашқы жерасты сынағы 1961 жылғы 9 қыркүйекте, ең соңғысы 1989 жылғы қазан айының 19-ы күні жасалған. Яғни, 28 жыл бойы дамылсыз жүрген. Сол жылдарда тек қана Дегелеңнің астында 296 сынақ жасалған. Солардың дені – аса қуатты дүмпулер». 

Осылайша, Абылай хан, Бұқар жырау, Қазыбек би сияқты ұлыларды дүниеге әкелген, Бөгенбай, Қабанбай, Малайсары сынды батырлардың түрлі шайқастарда ізі қалған, Тәттімбет, Абай, Шәкәрім және Мұхтар Әуезов сияқты қазақтың біртуар даңқты ұлдары өмір сүрген даладағы тіршілік тып-типыл болды.

40 жыл ішінде Семей полигонында ауада және жер бетінде жасалған барлық жарылыстың қуаты Хиросимаға лақтырылған бомбаның қуатынан 2500 есе күшті еді. Түрлі есептеулер бойынша, Қазақстанда полигондағы сынақтардан 1,5 миллионнан астам адам зардап шеккен. 

Бұл турасында жазушы Медеу Сәрсеке «Семей қасіреті» кітабында «... Семей полигонында болған 470 жарылыстың 307-сі Дегелең мен Балапан бұйратынан қазылған 131 штольняда және әртүрлі тереңдіктегі ұңғымаларда жасалған. Кейбір сәтте, әрине, жарылыстың күш-қуатын арттыру үшін ядролық зарядтар қат-қабат жарылған. Мысалы, 1978 жылғы 27 шілдеде 104-штольняда бір мезгілде бес жарылыс жасалыпты. Демек, 1961 жылдан 1991 жылға дейін айналасы небәрі 22 шақырым шағын тау күні-түні тоқтаусыз жүрген жарылыс дүмпуіне тап болған. Әскерилердің Балапан, Телкем, Ақтанберлі, Сарыөзен, Байкал, «Тәжірибе алаңы» атаған жазықта, кейіннен Дегелең тауы мен Балапан бұйратының қойын-қонышын ұңғып, жер астына да бойлап ядролық жарылыстар жасағаны – қазірде жария шындық» екенін жазады.

WhatsApp Image 2020-08-29 at 07.04.49 (1).jpeg

Полигон аймағын радиациялық тексеруден өткізу барысында радиоактивті заттар қалыпты мөлшерден бірнеше есе жоғары екені анықталған. Мысалы, цезий - 137, стронций - 90, плутоний - 240, кобальт - 60 есе көп болған. Мұндай радиоактивті заттар топырақты, суды, егістік жерлерін және мал жайылымдарын тұтас ластады. Радиоактивті заттардың әсер ету салдары әрдайым айқын бола бермейді және оларды бақылау оңай емес. Сәулелену қатерлі ісік ауруының қаупін арттырады. Сонымен қатар, радиацияның жүрек-қантамыр жүйесіне әсері ұрпақтан-ұрпаққа берілуі мүмкін. 

Оның үстіне сол жылдары ядролық жарылыстың тұтас тіршілік көзі үшін қандай қатер төндіретінін халық жете түсіне қоймады. Қазақстандық ғалымдар отыз жылға жуық мерзімде аумақты радиациядан залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп келсе де, бұл жерде радиация деңгейі әлі де жоғары. Ал облыс аумағындағы жерлерде гендік мутациясы бар балалар дүниеге келе бастаған. Тіпті, жергілікті медицина университетінде аномалиясы бар сәбилердің қорқынышты коллекциясы жинақталған. Алайда, бұл проблемалардың полигонмен тікелей байланысты екенін ешкім дөп басып айта алмайды. Ғылым дәлдікті жақсы көреді. Ал, ғалымдардың қолында нақты сандық дерек аз және бұл мәселе мутацияға ғана қатысты емес.

Ядролық жарылыстар нәтижесінде сынақ аймағына жақын орналасқан территориядағы адамдар радиациялық зақымдар алды дедік. Осы ретте Семей аймағының халқы сәулеге ұшырау мөлшеріне қарай 3 категорияға бөлінген:

- 1-категорияға жарылыс эпицентрінен 100-150 км қашықтықта орналасқан Абай, Бесқарағай, Абыралы, Жаңасемей, Шұбартау аудандары мен Семей қаласы;

- 2-категорияға 150-300 км жерде орналасқан Жарма, Аягөз, Бородулиха, Шар және Жаңашүлбі аудандары кірді;

- 3-категория эпицентрден 300 км-ден әрі орналасқан Үржар, Көкпекті, Таскескен, Ақсуат және Мақаншы аудандарының тұрғындарын қамтыды. 

Полигонның ащы зардабын көрген жандардың бірі – Кәріпбек Күйіков. Ол Семей ядролық полигоны орналасқан жерден 100 шақырымдай жердегі Қарқаралы ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылында 1968 жылы дүниеге келген. Туғанынан қолы жоқ болса да, еш мойымай, Семей полигонының жабылуына атсалысады. Кәріпбек Күйіковтің ядролық қаруға төзуге болмайтынын Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге дәлелдеп жүрген қайсарлығы көпшілікке белгілі. Оның тісімен немесе башпайларының көмегімен салған суреттері полигонның қасіретін дөп басады. Оның туындылары Түркия, Жапония, АҚШ, Германия және өзге де шет мемлекеттердің көрмесіне қойылған. Ал суретшінің «Жарылыс» атты туындысын Елбасы АҚШ Президенті Барак Обамаға табыстаған еді.

WhatsApp Image 2020-08-29 at 07.04.49.jpeg

Полигон жабылған соң алға қойылған бірінші мақсат – халықтың саулығын арттырып, аумақтың қауіптілігін азайту болды. Алайда, ғалымдардың айтуынша, ол жердің қалпына келуіне жылдар кетеді екен. Өңірдегі халықтың денсаулығындағы кінәрат ұрпақтан ұрпаққа берілуі мүмкін. Ол жақта полигон салдарынан қандай да бір кемшілікпен дүниеге келген, ата-анасы бас тартқан сәбилер үйі бар. Ондағы бала саны азайған емес. Бұдан мүгедек балалардың туылу көрсеткіші әлі де болса, жоғары екенін аңғаруға болады. Сондықтан, бұл қасіретті ұмытуға болмайды, - дейді суретші.
c04ab57b-a639-4b92-8718-eba63f2b0077.jpg

1989 жылдың ақпан айында белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменовтің мұрындық болуымен Семейдегі атом полигонын жабуды мақсат тұтқан «Невада - Семей» қозғалысының алғашқы митингі өткізілді. Сол жылдың 6 тамызы күні Семей облысының Қарауыл ауылында ядролық қаруды сынауға мораторий жариялау жөніндегі ұсынысты КСРО және АҚШ Президенттеріне үндеу қабылданды. 

Сайын даламыз ядролық жарылыстардан қалтырап бітті, сондықтан да онда ары қарай үнсіз қалу мүмкін емес. 40 жыл ішінде бұл арада мыңдаған Хиросималар жарылды. Біз келешекті қауіппен күтудеміз. Уайымсыз отырып, су мен тамақ ішу, өмірге нәресте әкелу мүмкін емес болып барады. Қазақстандағы ядролық қаруды тоқтату үшін, өз үйімізде бейбітшілік пен тыныштық орнату үшін, өз құқықтарымыз үшін күресу мақсатында біз «Невада - Семей» қозғалысын құрдық, - делінген еді үндеуде.  

 WhatsApp Image 2020-08-29 at 07.04.50.jpeg

Осы сәттен бастап халық бір ауыздан «Ядролық қаруға жол жоқ!», «Сынақтар тоқтатылсын!» деп ұрандатты. Ядролық сынақтардың қатері жөніндегі бұқаралық ақпарат құралдарында жиі шыға бастады. Түрлі елдің парламенттері өз сессияларында қозғалыс ұрандарын талқылап жатты. Радиациялық сәулелердің зардабы жайлы дәрігерлер мен ғалымдардың ашық әңгіме қозғауға батылы жетті. Бұқараның қысымымен Семей полигонындағы сынақтар саны азая бастаған еді.  

Осылайша, Қазақ еліне жаншошырлық қасірет әкелген ядролық қаруды толықтай жабуға Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылы 29 тамызда қол қойған «Семей ядролық полигонының жабылуы туралы» Жарлығы негіз болды. 

Қазақ КСР-інің территориясындағы Семей облысында 1949 жылдан бері ядролық қару сынау жүзеге асырылып келеді. Осы уақыттың ішінде онда 500-ге жуық ядролық жарылыс жасалып, оның өзі мыңдаған адамдардың денсаулығы мен өміріне нұқсан келтірді. ҚазКСР КСРО мен АҚШ арасындағы стратегиялық әскери тепе-теңдікті қамтамасыз еткен ядролық потенциалды жасау жөніндегі өз борышын орындағанын ескеріп және республика жұртшылығының талаптарына құлақ асып, қаулы етемін:

1. Семей ядролық сынақ полигоны жабылсын.

2. ҚазССР Министрлер Кабинеті КСРО Қорғаныс министрлігі мен, КСРО Атом энергетикасы және атом өнеркәсібі министрлігімен келісе отырып, Семей сынақ полигонын одақтық республикалық ғылыми-зеттеу орталығы етіп қайта құрсын. 1991 жылы оның статусын және ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттарының тізбесін әзірлеп, бекітсін, - деп жазылған жарлықта.

 Кәріпбек Күйіков «Невада-Семей» қозғалысының белсенді мүшесі ретінде халыққа төнген қара бұлтты өзінің шығармашылығында көрсеткісі келгенін айтады. 

Сол жылдары қозғалыстың түпкі мақсаты, қозғалыс мүшелерінің, жалпы халықтың өзгеріске деген ұмтылысы маған ерекше әсер етті. Әр қазақтың жан жарасы ашық айтылар шақ еді. Сол себепті де, алғашқы туындыларымның бірін «Алғашқы жарылыс» деп атадым. Картинадан киіз үйде мамыражай тірлік кешкен отбасыны жойқын жарылыстың лебі жауып, шаңырақты астаң-кестең еткенін байқауға болады. Бұл туынды менің алғашқы жан айқайым, - дейді ол. 

WhatsApp Image 2020-08-29 at 07.04.48.jpeg

Суретшінің полигон тақырыбына арнаған бірнеше туындысы бар. Ол картиналары арқылы халықтың қасіретін жеткізіп қана қоймай, қайырымдылықпен де жиі айналысатынын айтты. 

«Невада-Семей» қозғалысы кезінде өзім туып-өскен ауданның полигоннан қасірет шеккен балалары туралы ақпарат жинадым. Сол балаларға тамшыдай көмек болсын деп қайырымдылық көрмелерін өткіздім. Қол ұшын созған адамдар да, түрлі мекемелер де көп болды. Сара Алпысқызының жиі көмектесіп тұрғаны есімде. 1992 жылы АҚШ-қа жол түсіп, сол жақтағы мектеп оқушыларымен кездесу ұйымдастырылды. Қазақ елінің тарихын, полигон зардабын айтып бердім. Жоспарланған шарамызды атқарып, елге қайтар кезде өзім дәріс оқыған мектеп оқушыларының «Егіндібұлақтың балаларына алып барыңыз» деп екі қорап қайырымдылық заттарын алып келгені есімде. Сөйтсем, олар менің әңгімемді ата-аналарына айтып барған екен. Сөйтіп, бір түнде қолда барын жинап, бізге алып келген. Мұхит асқан аманатты қазақстандық балаларға табыстадым. Қолында ауру баласы бар ананың шарасыз күйін көргенде жаның езіледі. Өзім де Семей қасіретін көргендер қатарынанмын. Менің қолымнан бар келгені осы болды, - дейді суретші.

Кәріпбек Күйіков бүгінде 2012 жылы Елбасының бастамасымен қолға алынған халықаралық ядролық сынақтарға қарсы АТОМ жобасының құрметті елшісі.

АТОМ жобасына қатысуға ша­қырту алған сәтте ұсынысты бір­ден қабылдадым. Себебі, бұл тақырып менімен үндес. Осы бастама шеңберінде көптеген халықаралық деңгейдегі келіссөзге, шараларға қатыстым. АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония және т.б. елдерде өткен шаралардың мінберінен сөйледім. Ядролық қарудан бас тарту мәселесінде Қазақстаннан үлгі алуға шақырдым, - дейді ол.
Түйін. Атом қаруының таралуына қарсы күрес – ядролық сынақтардың зардабын бастан кешірген және ядролық өлім әлеуетінен өз еркімен бас тартқан Қазақстан үшін басым бағыт. Бұл ел ТМД мемлекеттері арасында алғашқыларының бірі болып ядролық қаруды таратпау туралы және ядролық қаруға жан-жақты тыйым салу туралы шартқа қосылды. Сондай-ақ, Қазақстан осындай тәжірибелердің салдары туралы ақпаратты таратуға ықпал ету үшін ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін атап өтуді ұсынды. Қазақ жұрты сұм қарудан өз еркімен бас тартып, әлемге бомбамен емес, абыроймен танылуды таңдады. 
Өзгелердің жаңалығы