Сарапшылар Атыраудағы шала туған нәрестенің өліміне қатысты сот шешіміне күмән келтірді

17 Маусым 2021, 19:41
4804
Бөлісу:
Сарапшылар Атыраудағы шала туған нәрестенің өліміне қатысты сот шешіміне күмән келтірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Атырау облыстық перинаталдық орталығының дәрігерлерін қолдау мақсатында медицина, сот-медициналық сараптама және адвокат саласындағы жетекші сарапшылардан тұратын бастамашыл топ баспасөз мәслихатын өткізді.

Жиында сарапшылар шала туған нәрестенің өлімі туралы іс бойынша айыпталған және 15 жылдан 18 жылға дейін әр түрлі мерзімге сотталған үш дәрігерге қатысты соттың шешіміне күмән келтірді.

Сарапшылардың пікірінше, үкімнің негізін құрайтын сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бірқатар қарама-қайшылықтан тұрады және тергеудің өзінде көптеген бұзушылық анықталды.

Батыс Қазақстан облысында жүргізілген сот-медициналық сараптама шала туған нәрестенің өлімі ішкі ағзалардың жетілмегендігінен туындап, тыныс алу жеткіліксіздігіне әкеп соқтырды деген қорытынды берді. Ал олардың қарағандылық сарапшы әріптестері жасаған қорытындысы бойынша өлім мұздатқыштағы тұйық кеңістікте болған. Екі қорытынды әртүрлі және екеуі де шындыққа жанаспайды, - дейді тәуелсіз сот-медициналық сарапшы, ҚР Сот сарапшыларының республикалық палатасының мүшесі Тахир Халимназаров.

Оның айтуынша, Атырау дәрігерлерін қылмыстық қудалауға негіз болған сот-медициналық сараптамалардың қорытындыларын зерттеу және талдау жаңа туған нәрестенің өлімінің зорлық-зомбылық себептерінің белгілерін анықтайтындай оларда жеткілікті және объективті сот-медициналық критерийлердің жоқтығын көрсетті.

Сотта ұсынылған мәліметтерге сәйкес, бала 25-26 апта аралығында өте ерте туған, дене салмағы өте төмен. Сонымен қатар шала туылған нәрестенің бауыры осы кезең үшін 10 есе үлкен және теріс орналасқан екен. Бұл құрсақтан тыс өмірге сәйкес келмейді. Ұрық көптеген ақауға, судың жетіспеушілігіне, плацента проблемаларына байланысты өмірге қабілетсіз болды және бұл ерте босанудың себебі болды.

Ұрық өлі туған деп айтуға толық негіз бар, өйткені баланың жатыр қабырғасынан мерзімінен бұрын толық бөлінуі болған. Сонымен қатар, мәліметтер бойынша, босану қызметінің басталуымен босанғанға дейін ұрықтың қозғалуы мен жүрек соғуының болмауы байқалған, мұны босанған әйелдің өзі де растады, - дейді Қазақстан акушерлері мен неонатологтары конгресі ҚҚ сарапшысы, акушер-гинекологы Ан Зоя.

Сарапшылар бұл тергеудің біржақты екендігі туралы медициналық дәлелдерден басқа, заңды бұзушылықтар да бар деп санайды. Дәрігелер Қарағандыдан қорытынды алғанға дейін ҚР ҚК 99-бабы бойынша қамауға алынған. Сол қорытынды негізінде осы бап бойынша айып дәрігерлерге тағылды. Бірақ қорытынды қамауға алынғаннан кейін шамамен 3 айдан кейін ғана алынды.

Дәрігерлердің адвокаты Нұрлан Жолболовтың айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет істі сотқа берілгенге дейін БАҚ-та дәрігерлерді қылмыс жасады деп айыптайтын жалған ақпарат таратылып, дәрігерлердің теріс бейнесі жасалған. Ал сот өз кезегінде, жасанды түрде жасалған қоғамдық пікірге қарсы келгісі келмей, барлық істі бастаған күш құрылым қызметкерлеріне тиімді үкім шығарды."Жалпы, іс бойынша ондаған өрескел заң бұзушылықтар бар, мысалы, Нысанбаевтан тергеудің барлық кезеңінде ешқашан жауап алмаған, сол арқылы ол қорғалу конституциялық құқығынан айырылған. Адвокаттар аппеляциялық соттың назарына тергеуде бұзушылықтар бар екенін, сараптамада нәрестенің мәйітін ауыстыру, дәрігерлер диалогын монтаждау және бірінші сатыдағы сот назарынан тыс қалған басқа да нұсқалар туралы жеткізеді, - деді Нұрлан Жолболов.

Естеріңізге сала кетейік, перинаталдық орталықтың бұрынғы бас дәрігері Қуаныш Нысанбаев 18 жылға, акушер-гинеколог Асқар Қайыржан 16 жылға, акушер Жәмила Құлбатырова 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал неонатолог дәрігерлер Руслан Нұрмұханбетов пен Дарина Жұмабаева заңсыздық болып жатқаны туралы хабар бермеген деп танылып, үш жарым жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

Сарапшылар мен барлық медициналық қоғамдастық істің объективті және жан-жақты қаралуын талап етеді.

Өзгелердің жаңалығы