Бас жаңалықтар
Сапарбаев: Тұрмыстық мәселені ұлтаралық мәселеге бұрушыларға тосқауыл қою керек
02 Маусым 2020, 22:04 134

Сапарбаев: Тұрмыстық мәселені ұлтаралық мәселеге бұрушыларға тосқауыл қою керек

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде еліміз қиын кезеңді басынан өткеруде. Әлемдік дағдарыс пен коронавирус індеті көпұлтты Қазақстан халқын да айналып өткен жоқ. Алайда, Мемлекет басшысының тапсырмасымен дағдарыстан шығу бойынша бірінші кезектегі шаралар бекітіліп, тиісті қаржы бөлінді. Татулықтың, ауызбіршілік пен өзара келісімнің арқасында біз қиындықты еңсердік.

Бұл жайында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев айтты. Оның сөзінше, ынтымақ, бірліксіз ешқандай алға жылжу да, өрлеу де жоқ. Қазіргі таңда облыстық Ассамблея жанындағы Қоғамдық келісім кеңесі, ғылыми-сарапшылық топ, ақсақалдар мен аналар кеңестері жұмыс істейді.

Аймақ басшысы соңғы жылдары өңірдегі ұлт өкілдері арасында орын алған қақтығыстар жөнінде де әңгімеледі. Бұл осы бағыттағы жұмыстарда кемшіліктердің де бар екенін көрсетеді. Мәселен, 2016 жылы Байзақ ауданының Бурыл ауылындағы, биылғы ақпанда Қордай ауданындағы оқиғалар соған дәлел.

Күні кеше ғана Бурыл ауылында тағы да бір оқиға орын алды. Кейбір жағдайда тұрмыстық оқиғаларды ұлтаралық мәселелерге бұрушылар мен арандатушылардың әрекетіне уақытылы тосқауыл қойылмайды. Осындайда ақсақалдардың белсенділігі көрінуі тиіс. Жастар қариялардың сөзіне құлақ аспайтын жағдайға жетті, - деген Бердібек Мәшбекұлы медиация кабинетінің жұмысын сынға алды.

Жамбыл облысының әкімі осы орайда мынау бес мәселені бірінші кезекте іске асыру қажеттігін айтты. Алғашқысы, өңірдегі мемлекеттік құрылымдар жұмысының тиімділігін арттыру. Жергіліктің әкімдіктің ішкі саясат басқармасында этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі арнайы бөлім құрылады. Екіншісі, ғылыми-талдамалық жұмыстың тиімділігін арттыру. Бүгінде этносаралық қатынастар мәселелері бойынша зерттеу жүргізетін құрылым жұмысын үйлестіру жолға қойылмаған екен. "Қоғамдық келісім" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 7 бөлімінде 40 адам жұмыс істейді. Алайда, олардың жұмысының сапасы көңіл көншітпейді.

Сондықтан, этносаралық шиеленіс пен жанжалдардың алдын алатын кешенді жүйе қалыптастыру үшін мекеменің құрылымын қайта қарап, ғылыми-талдамалық жұмысқа ден қою керек. Ал үшінші, жұмыстың практикалық тетіктерін этностық топтар жинақы тұратын жерлердегі жанжалдардың себептері мен факторларын ескере отырып, «Бейбітшілік пен келісім» жобасын пәрменді іске асыруымыз қажет. Бұл жоба өңірдегі әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуге ықпал етеді, - деді аймақ басшысы.

Оның айтуына қарағанда, бұл жоба Шу, Меркі, Жамбыл және Байзақ аудандарында жүзеге асады екен. Ал ол аудандарда өтікізілетін іс-шаралардың желілік кестесі бекітіліп, орындалуы күнделікті бақылауда болуы тиіс.

Төртінші мәселе, Қоғамдық келісім кеңестерінің құрамын қайта қарау керек. Бүгінгі күні олардың жұмысында жүйелілік жоқ. Медиация институтын дамытқанымыз жөн, - деді Б.Сапарбаев. 

Бесіншісі ақпараттық жұмыс екен. Яғни, БАҚ өкілдері нақты әрі шынайы хабар таратуы тиіс.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...