Тараз, BAQ.KZ тілшісі. С тобында шешуші ойын Қостанай облысының құрамасы мен Жамбыл облысының «Әулие ата» командасы арасында өтті.
С тобында - Алматы қаласының құрамасы, Қостанай облысының құрамасы, Жамбыл облысының «Әулие ата» командасы мен СҚО құрамасы сайысқа түсуде.
«Әулие ата» бұған дейін Алматы қаласының құрамасын 8:0, СҚО құрамасын 15:2 есебімен ұтқан болатын. Бүгін Қостанай облысының балуандарымен тақым түйістірген жамбылдықтар ойынның алғашқы кезеңінде-ақ есепті 8:0-ге жеткізді.
Қостанай облысының құрамасы, команда капитаны – Алдияр Байтасов, жетекшісі – Рыскелді Байтасов.
Жамбыл облысы «Әулие ата» командасы, команда капитаны – Есжан Құрманбай, жетекшісі – Үмбет Күшікбаев, жаттықтырушысы – Есжан Құрманбай.
Ойынның екінші айналымында шеңберге «Әулие ата» жігіттері апарып салады, оны қостанайлық жігіттер алаң ортасына алып келумен өтті.
Алаң иелері өз жерінде ешкімге дес бермейтінін тағы дәлелдеді. Есеп – 15:1. Жеңіс – «Әулие ата» командасының қанжығасында.
Салым салғандар:
Қостанай облысы құрамасы: Бақдәулет Асанов – 1 салым.
«Әулие ата»: Есжан Құрманбай – 2 салым, Манарбек Дүйсенбиев – 1 салым, Ернат Мәлімбай – 1 салым, Құлажан Тоғайбаев – 1 салым, Болатбек Әлімбетов – 2 салым, Ернар Жарылқасын – 2 салым, Ислам Рәт – 2 салым, Бағлан Ширимбаев – 1 салым, Құрманбек Тұрғанбек – 2 салым.
Естеріңізде болса, бұған дейін, А тобынан Түркістан облысының "Құлагер", В тобынан Атырау облысының «Нарын» командасы және D тобынан Ақмола облысының "Жекебатыр" командасы үздік шыққанын хабарлаған болатынбыз.
Сонымен, ересектер арасында көкпардан ХІХ кезекті Қазақстан чемпионатының ширек финалына шыққан командалар анықталды. Олар:
Түркістан облысының "Құлагер" командасы;
Атырау облысының «Нарын» командасы;
Ақмола облысының "Жекебатыр" командасы;
Жамбыл облысының «Әулие ата» командасы.
Финалдық ойындар 26 мамыр күні өтеді.