Бас жаңалықтар
Руслан Исмазов: Мемлекеттің ішкі тұрақтылығы – біз үшін қымбат құндылық
24 Сәуiр 2019, 20:40 473

Руслан Исмазов: Мемлекеттің ішкі тұрақтылығы – біз үшін қымбат құндылық

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Әрбір қазақстандықтың өмір сапасын жақсарту арқылы әлеуметтік бірлікті қалыптастыру – Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасының басты мақсаты. Жер бетінде теңдесі кем қоғамдық институттың алға қойған мақсат-міндеттері қалай жүзеге асырылуда? Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІІ сессиясы қарсаңындаЖамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары, Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігінің құрметті президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт қайраткері Руслан Исмазовпен осы тақырып төңірегінде әңгімелескен едік.

Тілші: Тарихқа көз жүгіртсек, 2007 жылы Ассамблеяға Конституция тұрғысынан мәртебе беріліп, Мәжіліске 9 өкілін депутат ретінде сайлау құқығын иеленгені белгілі. Ал бір жылдан кейін Тұңғыш Президент Ассамблея туралы әлемде теңдесі жоқ құжатқа қол қойып, ұйымның қоғамдағы салмағы арта түсті. Осы заңға енгізілген түзетулер мен толықтырулар Қазақстан халқын бір шаңырақтың астына біріктірген қоғамдық институттың былтырғы сессиясында күшіне енгені мәлім. Елбасы қол қойған заңда басты басымдық неге беріліп отыр?

 – Өте орынды сұрақ. Себебі осы заңда белгіленген міндет – Ассамблея жұмысының ендігі бағыт-бағдарын айқындап отыр. Бұған дейін заңда ҚХА негізгі міндеті - елдегі қоғамдық келісім мен бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру деп белгіленсе, қазір конституцияға сәйкес қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету деген концепцияға басымдық берілді. Сондай-ақ, Ассамблеяның құрылымына мақсаты бір этномәдени бірлестіктердің аккредиттеу арқылы енгізілуі де жаңалық болды. Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессияларында қоғамдық институттың алдағы даму жоспары бекітіледі. Осы тұрғыдан алғанда бұл жиын біз үшін маңызды. Биылғы басқосуда да елдің жарқын болашағын көздеген мәнді мәселелер көтерілетіні анық.

Тілші: Ал 2025 жылға дейінгі Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасы қандай міндеттерді жүктейді?

– Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасын барша қазақстандықтарды елдік мүдде төңірегінде ұйыстыруды көздейтін бағдарлама деуге болады. Осы жерде халықтың жай-күйін жақсартуға бағытталған бастамалар еліміздің бақуатты тұрмысының негізіне айналып, бірлігімізді бекемдейтінін айта кеткен жөн. Тілі, діні басқа этностарды біріктіретін де осы ортақ мүдде екенін айтуға тиіспіз. Тілек ортақ, мақсат бір болғанда ғана әрбір қазақстандықтың өмір сапасын жақсартып, әлеуметтік бірлікті қалыптастыра аламыз. Міне, тағдыр тоғыстырып, тарих табыстырған сан алуан этностарды бір шаңырақ астына біріктірген қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелеріне осындай үлкен жауапкершілік артылған. Жамбылдықтар бұл тұста сенімімізді ақтап келеді.

Мәселен, біз былтыр облыста қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау мен нығайтуға бағытталған 957 іс-шара өткізуді жоспарлап, аталған іс-шараларға 57 мыңға жуық мақсатты аудитория қамтыдық. Бұл дегеніміз – Елбасының елді бір мүдде төңірегінде топтастыруды көздеген биік мұратын өңір тұрғындарына дұрыс жеткізіп, жұртты жұмылдыра алдық деген сөз.

Биылдың өзінде 400-ден астам іс-шара өткізіліп, оған 30 мыңға жуық мақсатты аудитория қамтылды.

Тілші: Елбасы – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Достық» үйлерін дамытуды тапсырғаны белгілі. Облысымызға келген сапарында Жамбыл жерін мекен еткен барлық этнос өкілдерімен жүздескен кездесуде де атап айтқан еді. Өңірдегі ынтымағы жарасқан этностарды ұйыстырып отырған берекелі шаңырақ шын мәнісінде ашық диалог алаңына айналды ма?

– Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы «Достық» үйінің жаңа ғимаратына 2016 жылдың қыркүйегінде қоныстанды. Ал келесі жылы қыркүйекте Тараз шаһарының орталығынан орын тепкен сәулетті ғимаратты облысымызға келген жұмыс сапары барысында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі көріп, бағасын бергені мәлім. Осы кездесуде Тұңғыш Президент қоғамды рухани жаңғырту мәселесінің өзектілігін айтып, бәсекелік қабілетті арттыру мәселесін сөз етті. Жамбылдықтармен ашық пікірлесіп, ұсыныс-тілектеріне құлақ түрді. Сол жолы Жамбыл облыстық Махмұт Қашғари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің жетекшісі Мухабат Турдыева этнос өкілдеріне қазақ тілін үйретуді қолға алғанын айтқан болатын. Мухабат Ұлт Көшбасшысының Ассамблея сессиясында айтқан: «Бәріміз бір тілде – қазақ тілінде сөйлесек, мен өзімді бақытты президент деп санар едім» деген сөзін алға тартып, осыдан кейін өңірде мемлекеттік тілді үйренуге насихаттайтын жұмыс жүргізіп, сол үшін «Тіл жанашыры» төсбелгісімен де марапатталғанын тілге тиек етті.

Осы пікірдің өзі өңірдегі «Достық» үйінің түрлі этнос өкілдерін ұйыстырып, өз жобаларын жүзеге асыратын әлеуметтік-рухани орталыққа айналғанын көрсеткендей. Ал Ассамблеяның даму тұжырымдамасы мемлекеттік тілдің топтастырушы, біріктіруші рөлін күшейтіп отыр.

Тілші: Жаңа тұжырымдама мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып қана қоймай, қазақстандық қоғамды біріктіре түсуді көздейтінін байқаймыз. Себебі осы құжат негізінде жаңа «Қазақтану» жобасы жүзеге асырыла бастағаны белгілі. Жобаның түпкі идеологиясы қандай?

– Қазақ халқының ұлттық болмыс-бітімінің өзі кең пейілділігі және бауырмалдығымен ерекшеленеді емес пе? Сондықтан «Қазақтану» жобасының идеологиялық мәні терең. Ол елдегі барлық этностардың қазақ халқының рухани-мәдени құндылықтарын терең меңгеруіне, сол арқылы дәстүр-салтымыздың ұқсас тұстарын саралап, жаңғырта отырып, ортақ құндылықтарды қалыптастыруды көздейді. Осы жоба шеңберінде біз «Мәміле» клубын құрып, жұмыс жүргізе бастадық.

Тілші: Мәміле демекші, Ассамблея жанынан медиация кабинеттері ашылғаны мәлім. Бұл «Мәміленің» мақсаты – мәмілеге шақыратын медиаторларға жүктелген міндеттен бөлек. Екі бағыттағы жұмыстың мүддесі ортақ екені анық. Ерекшелігі неде?

– Биыл Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Тілдерді оқыту орталығы арасында «Мәміле» жобасының құжаттары дайындалып, осындай атаумен клуб ірге қалады. Бұл клубты ана тіліміз арқылы ұлттың салт-дәстүрін, өткенін танығысы келетіндер мен оған жәрдем беретін, сондай-ақ тілді меңгерген еріктілерге арналған диалог алаңы десек те болады. Ортақ мақсаты – «Мәміле» мен мәмілеге шақыратын медиаторлардың өңір тұрғындарына көмек көрсетуді көздейтінінде. Бірі рухани серпіліс берсе, екіншісі құқықтық кеңес беріп, өзара келісімге шақырады.

Өңірде «Достық» үйі мен Меркі ауданында 2 медиация кабинеті және тұрғындарға ақпараттық түсіндіру мен тәжірибелік медиациялық көмек көрсету бойынша 40 медиациялық алаң ұйымдастырылған. Бүгінгі таңда 36 медиатор нақты жұмыс жүргізуде.

Ассамблея медиаторлары 735 даулы жағдайды шешті. Шешілген мәселелер, негізінен, еңбек, отбасылық-тұрмыстық, азаматтық және қылмыстық даулар. Татуластыру рәсімдерін қолдану арқылы шешілген даулардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл - татуластыру арқылы мәселені шешудің оң динамикасы.       

Тілші: Былтыр Ассамблея жанынан «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы құрылған еді. Қоғамдық институт жанында бұдан өзге де жастардың бірлестіктері жұмыс істейтіні белгілі. Олар бір-бірін қайталап жатқан жоқ па?

– Жоқ. «Жаңғыру жолы» атауы айтып тұрғандай, жастар саясатына қатысты жұмысты жаңғыртып отыр. Рас, өңірде Ассамблея жанында жұмыс істейтін қоғамдық бірлестіктерден бөлек түрлі әлеуметтік, құқықтық бағытта жұмыс жүргізетін үкіметтік емес ұйымдар баршылық. Ал жаңа қозғалыс соның бәрін бір арнаға тоғыстырушы күшке ие.

 «Жаңғыру Жолы» – жастар арасындағы іс-шаралардың ұйымдастырушысы, оның құрамына этномәдени бірлестік жастары, колледж бен жоғары оқу орындары студенттері енген. Осы уақыт аралығында өздері 25 іс-шара ұйымдастырып, 40 шақты іс-шараға қатысты. Жастар қоғамның прогрессивті күші ғой. «Ұлы Дала Елінің қасиетті мұралары» республикалық тарихи-экологиялық акциясын өткізіп, «Қазақтану» жобасын, әлеуметтік жобаларды іске асыруда. Болашақта Елбасы ұсынған бағдарламаны жүзеге асырып, Цифрлық Қазақстанды құратын да солар. 

Тілші: Бүгінде Ассамблеяның қазақстандық қоғамды топтастырушы рөлі айқындала түскендей. Қоғамдық келісім кеңестері мен Аналар кеңесінің жүргізіп жатқан жұмыстары соған дәлел. Алдағы жоспарлар мен атқарылған жұмыстардың нәтижесіне тоқталып өтсеңіз.

– Бүгінде өңірдегі 177 қоғамдық келісім кеңесінің 1018 мүшесі бар. Елбасының өткен жылғы сессияда берген тапсырмасына орай, аталған кеңес мүшелеріне аудандарда, әсіресе, ауылдарда атқарылар ауқымды істерді үйлестіру міндеті жүктелгендіктен, олардың қолға алған жарқын жобаларының бірі – аграрлық туризмді дамыту бастамасы. Облысымыздың ауылшаруашылық әлеуетінің мол екені мәлім.

Ал Аналар кеңесіне келсек, бұл ұйым өңірдегі ұрпақ тәрбиесіне белсенді араласып отырғанын айтуымыз керек. Әсіресе, қыз балалар арасындағы мәселелерді өткір көтеріп, ерте жүктілік, ерте тұрмыс құру секілді жайттарды реттеуге күш салуда.

Тілші: Ассамблеяның жұртты топтастыру бағытындағы жұмыстарының бірі – қайырымдылық ісі. Жалпы қайырымдылық қасиетінің өзі елді біріктіре түспей ме?

– Әлеуметтік мәселе жұртты біріктіре түсетінін көріп жүрміз. Ал жұртты қайырымдылық шараларына жұмылдыру – қоғамды ізгілендірудің бір көрінісі. Тұрмыстық тапшылық көрген отбасы өзінің тұрақты қоғамда өмір сүріп отырғанын сезінуі тиіс. Сондықтан бұл істі үйлестіруді Қазақстан халқы Ассамблеясы өз қолына алып отыр.

Былтыр облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен және үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен «Жүректен жүрекке», «Қамқор», «Жақсылық жасап, жарысайық», «Тегін нан», «Ерікті донор», «Жеңіс үшін рақмет», «Балаларға күлкі сыйлайық», «Мектепке жол», «Қарттарды аялайық», «Жана жыл шыршасы», «Қайырымды ел», жалпы 700-ден астам акция өткізіліп, 940 миллион теңгеге қайырымдылық жасалды.

Биылғы «Сарқыт»,«Сыбаға» және «Шашу» қайырымдылық акциялары аясында 30 мыңнан астам адамға 100 миллион теңгеге жуық қаражат көлемінде көмек көрсетілді. Әлеуметтік бірліктің жарқын көрінісі ретінде жомарт жүректі жандарды атап өткен жөн. Шу ауданында «Үміт үйі» қоғамдық бірлестігі мен аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері «Үйден-үйге» атты қайырымдылық акциясын өткізіп, 60 отбасына 930 мың теңгеге көмек берді. Сондай-ақ «Zhas Projeсt» жастар корпусын дамыту жобасы аясында аз қамтылған 62 отбасына 1,5 миллион теңгеге қайырымдылық жасалды. Коновалов клиникасының офтольмологтары Қордай ауданы Сортөбе, Масаншы, Бұлар Батыр, Аухатты және Қаракемер ауылдарының тұрғындарына Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құрметті қызметкері Г.Машанло мен Сортөбе ауылдық округінің әкімі И.Буларовтың көмегімен 750 адамға тексеру жүргізіп, 5 адамға ота жасады. Бұл шараларға барлығы 10 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалды. Ассамблея меценаттары өңіріміздегі көпбалалы аналарға қамқорлық жасауды назардан тыс қалдырған емес. Облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің өкілі 5 балалы жалғызбасты ана Г.Мырзахметоваға 2 бөлмелі пәтер тарту етсе, «Туған жерге туыңды тік» акциясы бойынша Қордай ауданының Құрметті азаматы, кәсіпкер С.Салыбаев тұрмыс жағдайы төмен 3 отбасына баспана сыйлады. Елімізде қайырымдылық қызметті үйлестіруде біздің институт жоғары жетістіктерге ие болуда.

Елбасының Ассамблея мүшелерінің алдына қойған міндеттерін жамбылдықтар үлкен абыроймен атқарып келеді. Ұлт Көшбасшысының «Бізді біріктіретін жеке бастың қамы емес, бізді ел туралы биік ұғымдар, ортақ мүдделер ғана біріктіре алады» деген сөзі бекер айтылмағанына біз іс жүзінде көз жеткізіп отырмыз.

Тілші: Елдегі болып жатқан саяси оқиғаларға байланысты ой-пікіріңізді білсек...

– Әрине, Қазақстанның азаматы ретінде менің елдегі кез-келген қоғамдық-саяси оқиғалардан тыс қалмайтыным анық. Тұңғыш Президент – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтататынын мәлімдегенде, шыны керек, толқулы күйде болдық. Қимастық сезім тағы бар. Мемлекеттің ішкі тұрақтылығы, тыныштық – біз үшін қымбат құндылық. Сондықтан біз Елбасының ұстанымын қолдаймыз. Ассамблея мүшелері кезектен тыс өтетін сайлауда белсенділік танытатынына сенімдімін.

Тілші: Сұхбатыңызға рахмет!


Фото: автордан

Сізден жаңалық