Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бүгінгі Үкімет отырысы барысында айтты.
Білім берудің біртіндеп оффлайн режимге ауысуына байланысты біз оқушылардың сырқаттанушылық көрсеткішіне күнделікті мониторинг жүргізіп отырмыз. Оқушылар арасында вирус жұқтыру жағдайлары әлі де жалғасуда. Жалпы республика бойынша оқушылардың вирус жұқтыруы 0,2%-дан аспайды. Қазіргі таңда карантиндік шаралар аймақтардағы және жеке мектептердегі сырқаттанушылық бойынша сараланып қабылдануда. Білім беру нысандарын оффлайн режимде оқу түріне дайындау мақсатында карантин режимін сақтау талаптары бойынша 3266 тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде 282 мектепте (86%) тәртіпбұзушылық анықталды. Бүгінде анықталған барлық тәртіпбұзушылық жойылды, - деді ол.
Министр оффлайн режимде білім алушылар арасында сырқаттанушылық деңгейінің өсуіне байланысты аймақ әкімдерінен санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуын қадағалауды сұрады.
Білім беру нысандарында коронавирусқа қарсы профилактика шараларын жүргізу, яғни, таңғы фильтр, персоналдың маска режимін ұстануы, ылғалды тазалау және дезинфекция жұмыстарын жүргізу қатаң сақталуы керек, - деді Цой.
Ол бұған дейін елдегі тұмау жұқтыру көрсеткішінің былтырғыдан 2,2 есеге төмендегенін мәлімдеген болатын.