Республика бойынша МСАК ұйымдарының 55%-ның тозығы жеткен

2 Наурыз 2021, 10:28
3636
Бөлісу:
Республика бойынша МСАК ұйымдарының 55%-ның тозығы жеткен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту туралы өткен Үкімет отырысы барысында айтты.

Медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) қызметін арттыру үшін операциялық механизм жұмысы жасалып жатыр. «Қазақстан МСАК Отаны» МСАК ұйымдарының Астана декларациясы қабылданды. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап медицина қызметкерлерінің еңбекақысы 30%-ға көтерілді. МСАК дәрігерінің жүктемесін азайту және пациенттерге қолжетімділігін арттыру бойынша жұмыстар жасалды. Қосымша 480 жалпы тәжірибе дәрігері учаскесі құрылды және 63 жаңа нысан салынды. Транспорттық медицина енгізіліп, жыл сайын жылжылмалы медициналық кешен бойынша 1,2 миллион тұрғын және 1100 шалғай жатқан елді мекен қамтылады. Нәтижесінде 35 мыңдай науқастың бары анықталады, - деді ол.

Цойдың айтуынша, 2020 жылы қосымша тағы 100 жылжымалы кешен сатып алынды. Осылайша, жылжымалы кешендердің жалпы көлемі 149 болды. Ол, сондай-ақ, түйткілді мәселелердің барына да тоқталды.

Пациент деңгейіндегі мәселелерге келер болсақ, медициналық қызметтерге деген қанағаттанбаушылық, яғни, сапалы қызмет көрсету мен коммуникацияның әлсіздігі, мамандарға деген кезек. Сондай-ақ медициналық қызмет көлемінің жеткіліксіздігі, яғни, қымбат тұратын медициналық қызметке деген қолжетімділіктің болмауы, бейінді мамандардың тапшылығы. Медициналық ұйымдардың ауылды жерлерде қажеттілігі де негізгі проблемалардың бірі, - деді ол

Министр МСАК деңгейінде жан басына шаққандағы қаржыландыру, цифравизация, әлсіз инфрақұрылым және МСАК ұйымдарының жабдықталуы, кадр тапшылығы мәселелерін басым тұрғанын айтты.

Бүгінде медицина ұйымдарын интернетпен қамту 84,2%, компьютерлік техникамен қамту 98,5%-ды құрайды. Инфрақұрылым жүйесі де тозған. МСАК ұйымдарының 55%-ның тозығы жеткен, ал медициналық құрылғылардың ескіруі 49%-ды құрап отыр. Сонымен қатар бұл жерлерде кадр тапшылығы мәселесі де артып тұр. Бүгінде 2 540 маман жетіспейді, оның ішінде 848-і ауылды жерлерге қажет. Еңбекақы көлемі де төмен, - деді Цой.

Өзгелердің жаңалығы