Райымқұлова: «Қыз мұнарасы» – ұлттық әдебиетіміздің қоржынына қосылған құнды туынды

4 Наурыз 2021, 09:39
3526
Бөлісу:
Райымқұлова: «Қыз мұнарасы» – ұлттық әдебиетіміздің қоржынына қосылған құнды туынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қыз мұнарасы» – ұлттық әдебиетіміздің қоржынына қосылған құнды туынды. Көңілге сәуле түсіретін кітап. Әсіресе, кітаптың алғашқы шығармасы – «Шыбын жан көкке ұшқанда» атты хикаяты өзекті тақырыпты арқау еткен екен, деп жазды Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Facebook-тегі парақшасында.

Былтыр Алматы қаласында Тәуелсіздік күніне орай бір топ ақын-жазушылармен кездесіп, әдебиет пен мәдениет туралы ойларымызбен бөліскен едік. Қаламгер қауыммен сұхбаттасып отырып, тың ойлар мен жаңа идеяларға қанық болдым. Әдебиетіміздің даму барысымен танысып, жарық көрген жаңа шығармалар туралы ой-пікірлер естідім. Мұндай басқосулар сөзсіз еліміздің өнер мен мәдениетінің дамуына үлес қосып отырады. Cол бір кездесуде Халықаралық «Алаа» және Махмұт Қашқари сыйлықтарының лауреаты, Мәдениет саласының үздігі, көрнекті жазушы Нұрғали Ораз «Қыз мұнарасы» атты әңгімелер жинағын маған тарту етті. Кітапқа өзінің жүрекжарды тілегін білдіріп, қолтаңбасын жазып берді. Жазушының қолынан кітап алу ғанибет емес пе?! - деп жазды ол.

Министр «Қыз мұнарасы» туындысы өзекті тақырыпты арқау еткенін айтты. 

«Қыз мұнарасы» – ұлттық әдебиетіміздің қоржынына қосылған құнды туынды. Көңілге сәуле түсіретін кітап. Әсіресе, кітаптың алғашқы шығармасы – «Шыбын жан көкке ұшқанда» атты хикаяты өзекті тақырыпты арқау еткен екен. Күйбең тірліктің илеуінде жүріп кейде айналамыздағы адамдардың жан дүниесіне үңілуді де ұмытып кетіп жатамыз. Көрнекті жазушы Нұрғали Ораз жаңа хикаятында қазақтың қарапайым қызы Назгүлдің ішкі арпалыстары арқылы өз оқырмандарын өмірге басқа қырынан қарауға жетелейді. Айналамызда Назгүл сияқты қаншама тағдыр иелері жүргенін кейде ұмытып кетеміз. Бас кейіпкер Назгүл – қазақ қоғамының темірқазығы, болашақ ұрпақтың анасы, бәрінен бұрын заты-әйел. Өмірдің «жіңішке жолымен» жүретін қыз баласының тағдыры, жан дүниесінде бірде құлазытып, бірде қуантқан сезімі, таңды таңға ұрғызған мазасыз ойы, тәтті қиялы қандай тамаша суреттелген! Шығарма кейіпкермен бірге сол өмірді кешіп отырғандай әсер қалдырады. Әрине, Назгүлдің, Назгүл сияқты қыздарымыздың болашақ өмірі қалай болады екен деп, алаңдайсың..., - деп жазды Райымқұлова.

Ақтоты Райымқұлова алдағы уақытта әдеби шығармалар туралы әңгімелерді жалғастыратынын да жазды. 

Отбасы арқылы мемлекет құралатынын ескерсек, қаншама шаңырақтың түтіні түзу ұшпағандықтан мемлекет іргесінің де сызаттанып жатқандығын байқамайтынымыз өте өкінішті. Автор осы шығармасы арқылы бізге осыны ескерткендей. Романның жүгін көтеріп тұрған хикаятты бір деммен оқып шықтым. Болашақта жалғасы болатын шығар деген әсерде қалғанымды да жасырғым келмейді. Бәріміз оқырманбыз. Әрине, әр азаматтың қайталап оқитын қызықты кітабы бар. Мен де оқыған кітабым туралы алған әсерімді сіздермен бөліскім келді. Алдағы уақытта әдеби шығармалар туралы әңгімемізді жалғастыратын боламыз, - деді Ақтоты Райымқұлова.
Райымқұлова: «Қыз мұнарасы» – ұлттық әдебиетіміздің қоржынына қосылған құнды туынды
Өзгелердің жаңалығы