Ерлан Айтаханов: Қалаға тартылған инвестиция көлемі артып келеді

25 Желтоқсан 2019, 16:41
6797
Бөлісу:
Ерлан Айтаханов: Қалаға тартылған инвестиция көлемі артып келеді
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада өтіп жатқан баспасөз конференциясында Шымкент әкімі Ерлан Айтаханов ҚР президентінің Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру аясындағы қаланың басты жетістіктері жайлы айтты. Сондай-ақ, ол 2019 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мәлімдеді. 

Ерлан Қуанышұлының айтуынша, 2019 жылдың 11 айында өнеркәсіп өнімі 16,4 пайызға, ауыл шаруашылық өнімі 5,5 пайыз, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 15,3 пайыз, бөлшек сауда көлемі 7,1 пайызға артқан.

Шымкент - республикалық қала статусын иемденуімен қаланың іскерлік белсенділігі өсіп, күн санап халықтың санымен ғана емес, экономикалық қуатымен де қарқынды дамып келеді. Қала экономикасының орнықты дамуына өнеркәсіп саласының маңызы зор. Салада ағымдағы жылы 26 млрд теңгеге 7 жоба  жүзеге асырылып, 389 жаңа жұмыс орындары ашылды. Кәсіпкерлік санмен ғана емес, жаңа технологиямен жабдықталған сапалы өніммен де толығуда. Мәселен, "Рахат Шымкент" ЖШС Оңтүстіккореялық компанияның қаржысы есебінен құны 1,8 млрд теңгеге мармелад өндіру желісін іске қосты. Шымкенттің экономикасына тартылған инвестиция көлемі артып келеді. Қалада жұмыс істейтін 2 индустриялық аймақтың жерлері 100% игерілді, - дейді әкім. 

Қала басшысының сөзіне қарағанда, аймақтарда бүгінде құны 42 млрд теңгеге 67 жоба іске қосылып, 4 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. 

Олар мемлекеттік бюджетке 16 млрд теңге көлемінде салық түсірді. Сонымен қатар, қала бойынша шетелдік инвесторлардың қатысуымен 2,5 млрд долларды құрайтын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр, - деді ол.

Қалаға инвестиция тарту мақсатында Сингапур, Түркия, Қытай, БАӘ, Ресей, Оңтүстік Корея мен Өзбекстан елдерінің әлеуетті инвесторларымен кездесулер өткізілді. 

Нәтижесінде өзбек инвесторларының қатысуымен ағымдағы жылдың 5 желтоқсанында қаламызда бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған "Альянс" ЖШС (бұрынғы "Ютекс" АҚ) жіп иіру фабрикасы іске қосылды. Осы жылдың соңына дейін 60 тонна, ал келесі жылы 6 мың тонна мақта-талшығы өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді. Екінші кезеңде бұрынғы "Меланж" АҚ іске қосылады. Нәтижесінде жоғары сапалы тоқыма өнімдері Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Италия, Ресей елдеріне экспортқа шығарылады. Бұл өз кезегінде елімізде өңделетін мақта көлемін 2 есеге арттырады және 800 адамға жұмыс орнын береді, - деді Ерлан Айтаханов.

Өзгелердің жаңалығы