Қорықшыны өлтірді деген күдіктінің әкесі халықтан кешірім сұрады

21 Қаңтар 2019, 18:50
3903
Бөлісу:
Қорықшыны өлтірді деген күдіктінің әкесі халықтан кешірім сұрады

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандылық қорықшыны өлтірді деген күдіктінің әкесі халықтан кешірім сұрады.

 
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Қызылордада арнайы операция нәтижесінде Қарағанды облысындағы «Охотзоопром» мекемесі қорықшысы Ерлан Нұрғалиевтің өліміне қатысты үш күдікті ұсталды. Облыстық полиция департаменті «күдіктілер қаладағы үйлердің бірінде құрықталды» дегеннен басқа мәлімет айтқан жоқ. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. 

Күдіктілердің екеуі Н.М. Шукилдиков пен К.В. Акшанов облыс орталығының, біреуі, яғни Б.М. Ахметов қала маңындағы Абай ауылының тұрғыны. Жасы 35-те. Төрт баланың әкесі. Ата-анасымен бірге тұрады екен. Алайда, оқиға болғалы бері үйіне мүлде жоламаған. 
Ал қорықшының қазасына көңіл айтқан күдіктінің әкесі баласы үшін халықтан кешірім сұрады. 

«Қайтыс болған жігіттің отбасына көңіл айтамын және кешірім сұраймын. Қайтейік, ойнақтап жүрген балам от басты. Толқып тұрмын, айта алмаймын. Кешірім сұраймын халқымнан», – деді Мейрамбек Ахметов. 

Бұдан бөлек, екі күдікті туралы ақпарат жоқ. Құқық қорғау органдары тергеудің құпиялылығына байланысты мәлімет жария етілмейтінін айтуда. 

Айта кетейік, бұған дейін Қызылордада қарағандылық инспекторды өлтірді деген күдіктілер ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.

Ибраш Әли



Өзгелердің жаңалығы