Қордағы қаражатты жақын туыстар үшін алуға болады – Нұрымбетов

9 Қазан 2020, 17:20
2731
Бөлісу:
Қордағы қаражатты жақын туыстар үшін алуға болады – Нұрымбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР eңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында айтты.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан азаматтар жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй мәселесін шешуге пайдалана алатынын айтып келеміз. Тұрғын үй мәселесін шешу бойынша арнайы ереже бекітіледі. Қазір жұмыс жүргізіліп жатыр. Оған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі басшылық етеді. Бұл жердегі негізгі параметрлер – үйді тек сатып алумен ғана шектелмей, жалпы тұрғын үйлік жағдайды жақсартуға бағыттағанды жөн көрдік. Қордағы тиісті қаражатқа мүмкіндік болса, тұрғын үйді немесе жер телімін сатып алуға болады. Мұнда жаңа үйлерді ғана емес, екінші нарықтан да үй қарастыруға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, қаражатты ипотека алуға алғашқы жарна ретінде пайдалануға, қолданыстағы ипотекасын жабуға немесе оны қайта қаржыландыру мақсатында пайдалануға болады. Бұл жерде ипотека қай банктен алынғаны, тұрғын үйдің қандай бағдарлама арқылы сатылып алынғаны, екінші нарық арқылы қолдан сатылып алынғаны маңызды емес, еш шектеу қойылмайды. Сондай-ақ, бұл қаражатты тұрғын үйді кеңейту мәселесіне де пайдалануға болады, - деді ол.

Біржан Нұрымбетов қордағы қаражатты өзіне ғана емес, жақын туыстарына да алуға болатындығын айтты.

Бұл жерде жақын туыстары қатарына – ата-анасы, балалары, бауырлары, ата-әжесі, немерелері кіреді. Бұл қаражаттың мақсатты пайдаланылуы үшін бірыңғай оператор беріледі. Сол оператор сіздің тапсырысыңыз бойынша жинақтаушы қорымен байланысып, ондағы тиісті қаражатыңызды үй немесе жер телімін сатып жатқан ипотекасы бар банктерге, сіз төлеймін деген тұлғаға аударып беретін болады, - деді ол.

Айта кетейік, министр бұған дейін зейнетақы қорындағы қаражатты зейнеткерлер де пайдалана алатынын айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы