Қазақстанда президентті ұлықтау рәсімдері қашан өткен?

12 Маусым 2019, 11:06
2592
Бөлісу:
Қазақстанда президентті ұлықтау рәсімдері қашан өткен?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтіп жатыр.

Осы орайда BAQ.KZ тілшісі 1991 жылдан бергі ұлықтау рәсімдері қашан және қайда өткендерін еске түсіріп көреді. 

Мемлекет басшысын ұлықтау – Қазақстан Республикасы президентінің лауазымын атқаруға кірісуіне арналған ресми рәсім.

Бұл салтанатты рәсім кезінде мемлекет басшысы оң қолын Қазақстан Республикасы Конституциясының үстіне қойып, елдің халқына ант береді. 

Осыдан соң Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мемлекет басшысына Қазақстан Республикасы президентінің куәлігін тапсырады.  

Елімізде президентті ұлықтау рәсімі 1991 жылғы 10 желтоқсанда Алматыдағы Республика сарайында өтті. Ол кезде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 98,7%-ының қолдауына ие болып, алғашқы сайлауда жеңіп шықты.

Екінші ұлықтау рәсімі 1999 жылғы 21 қаңтарда Астанадағы Конгресс-холда өтті. 1999 жылғы 10 қаңтарда өткен бұл сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев 80%-ға жуық сайлаушының даусын иеленген болатын.

Үшінші ұлықтау рәсімі 2006 жылғы 11 қаңтарда Ақорда сарайында өтті. 2005 жылғы 4 желтоқсандағы президенттік сайлаудың қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті 91,15% дауыс жинаған еді.
 
Төртінші ұлықтау рәсімі 2011 жылғы 8 сәуірде Тәуелсіздік сарайында өтті. 2011 жылғы 3 сәуірдегі президенттік сайлаудың қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 95,55%-ының даусын иеленген.

Бесінші ұлықтау рәсімі 2015 жылдың 29 сәуірінде Тәуелсіздік сарайында өтті. 2015 жылдыӊ 26 сәуірінде өткен кезектен тыс президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардыӊ 97,75% дауысын жинап, жеӊіске жеткен болатын.

Елімізде президентті ұлықтау рәсімі осымен алтыншы рет өтіп жатыр. 

Еске салайық, Конституцияға сәйкес, Қазақстан Республикасының президенті 5 жыл мерзімге сайланады.

Өзгелердің жаңалығы