Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы жыл басынан бері 5,7%-ға өсті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Сауда және интеграция вице-министрі Азамат Асқарұлы айтты.
Халықты алаңдатып отырған азық-түлік бағасы. Төтенше жағдай кезінде тоғыз әлеуметтік тауарға шекті бағаны белгіледік. Нарықтық экономикада тауар бағасы сұраныс пен ұсыныстың балансымен анықталады. Дегенмен, бұл мемлекеттің ықпал ету тетігі жоқ дегенді білдірмейді. Әлеуметтік азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру мәселесі Үкімет, жергілікті басқару органдардың тұрақты бақылауында, - дейді Азамат Асқарұлы.
Оның айтуынша, бұл соңғы 5 жылдағы осы көрсеткіштің ең төменгісі болып отыр.
Өйткені 2016 жылы (9,1%) және 2019 жыл (7,7%) өскені байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жыл басынан бері ең көп өсім Павлодар (+ 11,9%), Нұр-Сұлтан (+ 11,8%) қалаларында тіркелді. Алматы (+ 3,1%), Петропавл (+ 4,7%) және Ақтау (+ 4,8%) баға ең аз өскен қалалар. Биыл жыл басынан бастап барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішінде картоп (+ 43,3%), сәбіз (+ 31,4%), пияз (+ 20,3%) қарақұмық жармасы (+ 19,0%), қант (+ 10,7%) және май (10,2%) бағасының анағұрлым өсуі байқалды. Сонымен қатар, жыл басынан бері қырыққабат (-23,3%), жұмыртқа (-7,2%), күріш (-7%), тауық еті (-2,9%) және тұз (-1%) арзандады, - дейді вице-министр.
Сонымен қатар, ол соңғы үш айда бағалар тұрақтанғанын айтты.
Мамырда бағалар 0,1%, маусымда - 0%, шілденің үш аптасында - 0,1% қымбаттады. Одан бөлек, осы жылдың 14-21 шілде аралығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,3%-ға төмендеді, - дейді ол.